А.ҒИНИЯТ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРЛЕРІМЕН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

А.ҒИНИЯТ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРЛЕРІМЕН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ажар Ғиният Жетісу облысының медициналық ұйымдарының басшыларымен халыққа медициналық көмек көрсетудің барынша проблемалық мәселелері талқыланған кеңес өткізді.

Кеңестің жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, СЭБК, МФБК аумақтық департаменттерінің, өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылары қатысты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник өңірдегі жағдай туралы шолу баяндамасын жасады.

Вице-министр босану және бала кезіндегі емдеу-диагностикалық, тактикалық және ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Біріншісі – жергілікті атқарушы органдардың тарапынан тиісті шешім таппайтын акушер-гинекологтардың, неонатологтардың, педиатрлардың және анестезиолог-реаниматологтардың созылмалы кадр тапшылығы. Перинаталдық орталықтардың медициналық жабдықтармен нашар жабдықталуы, жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету сапасының төмендігі, ауыр акушерлік асқынуларды уақтылы диагностикаламау, стационарға кеш жатқызу орын алуда.

Облыстың бастапқы буын медициналық ұйымдарының жұмысын бағалауға көше отырып, ол глаукомамен небәрі 53,9% және қант диабетімен 67% анықталған науқастарды динамикалық бақылаумен қамту жеткіліксіз жолға қойылғанын атап өтті. Алты скринингтің екі түрі бойынша скринингтік зерттеулердің нәтижесінде төмен анықтау байқалады – бұл ҚЖА және ҚД. Ауылдық жерлерде анықталған науқастар диспансерлік есепке алынбайды, бұл көрсеткіш небәрі 22,1%-ды құрайды, бұл динамикалық бақылаумен қамтудың төмендігін көрсетеді.

Облыс халқына медициналық-санитариялық алғашқы көмекті барлығы 279 медициналық ұйым көрсетеді, оның ішінде 3 дербес емхана, 100 дәрігерлік амбулатория, 37 фельдшерлік-акушерлік пункт, 139 медициналық пункт.

Кеңестің барысында өңірдің онкологиялық қызметінің кемшіліктері атап өтілді, бұған қараусыз қалған және кең таралған қатерлі ісіктердің жоғары көрсеткіші дәлел.

«Бүгінде біз үшін, ең алдымен, емханалардағы профилактикалық жұмыстың деңгейі маңызды, әрбір бөлінген теңге халыққа жетуі тиіс. Біз ақпараттық жүйелердегі бизнес-процестерді қатайтамыз, сіздің іс - әрекеттеріңіз толығымен ашық болады, медициналық қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін заңнамалық деңгейде арттырамыз», - деп түйіндеді министр облыстың бас дәрігерлерінің алдында сөйлеген сөзінде.