ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ПАЦИЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУДЕ НЕФРОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ПАЦИЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУДЕ НЕФРОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Денсаулық сақтау министрлігінде нефрологиялық көмек көрсетуді жетілдіру және гемодиализ орталықтарының қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын науқастармен кездесу өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында 11 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр, ал 8,5 мыңнан астам адам бағдарламалық гемодиализде медициналық көмек алады.

Елімізде 1722 төсектік стационарларда 62 нефрологиялық бөлімше және 130 гемодиализ орталықтары жұмыс істейді. Медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.

Кездесу аясында медициналық көмек көрсету, диагностика және емдеу, гемодиализ орталықтарының қызмет көрсету сапасы және оларды тексеру, диализ орталықтарының медицина қызметкерлерін оқыту, нефрологиялық көмек көрсету стандартын өзектендіру және т.б. мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар, пациенттердің гемодиализ жүргізу кезінде медициналық көмек көрсету сапасына шағымдарына байланысты кездесу барысында көрсетілген фактілер бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгіну тәртібі туралы түсіндірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша аталған мәселелерді медициналық мамандардың, үкіметтік емес және пациенттік ұйымдардың қатысуымен бірлесіп шешу ұсынылды.