А. ҒИНИЯТ ҚАЗАҚСТАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕКТІ ЖАҚСАРТУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫ ТАНЫСТЫРДЫ

А. ҒИНИЯТ  ҚАЗАҚСТАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕКТІ ЖАҚСАРТУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫ ТАНЫСТЫРДЫ

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы онкологиялық көмекті жаңғырту мәселелері бойынша баяндама жасады.

«Соңғы 20 жылда елімізде онкологиялық аурулармен сырқаттанушылық 25%- ға, обырдан  өлім-жітім 33%-ға төмендеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулары бар 205 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр. Жыл сайын обырдың 37 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталып, 13 мыңнан астам адам қайтыс болады», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Егер аурудың құрылымын қарастыратын болсақ, онда 1 орында - сүт безі обыры (13,2%), екінші орында – өкпе обыры (10%) және 3 орында – колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында-асқазан обыры (12%), үшінші орында - тоқ ішек обыры -10,6% тұр.  

Науқастардың 56%-ы 18 бен 64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар.

Ол онкологиялық науқастарға медициналық көмекті жақсарту бойынша ведомство тарапынан қабылданған шараларға жеке тоқталды. Бұл тарифтерді ұлғайту жағына қарай қайта қарау, Қазақстандық Ұлттық формулярдағы дәрілік препараттардың тізімін 4 позицияға кеңейту, обырдың диагностикасы мен емдеудің 8 клиникалық хаттамасын жаңарту. Сонымен қатар, жұмысқа жаңа желілік үдеткіштер мен ПЭТ-орталықтар енгізілуде, онкологияға күдікті пациенттерге уақтылы диагностика жүргізу үшін «жасыл жол» енгізілді, әрбір өңірлік онкология орталығында ахуалдық орталықтар құрылды.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсету бойынша бірқатар түйінді проблемалар осы бағыттың дамуын тежеп отыр. 

Біріншісі - халықтың саламатты өмір салтын ұстануының төмендігі. халықтың бір бөлігі тұрғылықты жері бойынша емханаларда белсенді емес онкоскринингтен өтеді, бұл қатерлі ісікті ерте диагностикалау және ісік алдындағы ауруларды анықтау үшін маңызды. Екінші фактор – диагностика мен емдеуге арналған медициналық жабдықтың болмауына байланысты онкологиялық көмектің қолжетімділігі, кадрлық қамтамасыз етудің тапшылығы. 

«Қолда бар сәулелік терапия аппараттарының паркі 50% ескірген. Мысалы, Атырау облысында 1968 жылы шыққан аппарат қолданылады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда облыстарында аппараттар жоқ. Өңірлерді диагностикалық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етудің әлсіз деңгейі бар. Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Астана қаласының онкология орталықтарында КТ және МРТ аппараттары жоқ», - деп атап өтті ведомство басшысы. 

А.Ғинияттың айтуынша, онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға қабілетті шараларға көше отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша  «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым»  сайлауалды бағдарламасында онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленді, оған бес бағыт кіреді. Осы бағыттардың қатарында қауіп факторларының профилактикасы және басқару, жоғары тиімді ерте диагностикалау, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту бар.

Мәселен, бірінші бағыт шеңберінде соңғы жылдары өлім-жітімнің негізгі себебі болып табылатын өкпе обырын анықтау үшін өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясын енгізудің есебінен онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту көзделіп отыр. Жас әйелдердің арасында кең таралған обыр ретінде жатыр мойны обырының профилактикасы үшін 2024 жылдан бастап адам папилломасының вирусына қарсы вакцинациялау кезең-кезеңімен енгізіледі.

Обырды  жоғары тиімді ерте диагностикасын дамыту бөлігінде МСАК ұйымдары мен онкология орталықтарын жарақтандыру үшін диагностикалық жабдықтарды жаңғырту көзделген, сондай-ақ молекулярлық-генетикалық сынақтар мен иммуногистохимиялық зерттеулерді арттыру арқылы обырдың  әртүрлі түрлерін диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.

Министр түсіндіргендей, жаңа ісікке қарсы дәрілік заттарға қолжетімділікті арттыру мақсатында таргеттік және иммундық-онкологиялық препараттар желісін кеңейту, гендік инженерияны, радиофармацевтикалық препараттарды пайдалана отырып терапияны енгізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, кешенді жоспар шеңберінде 5 өңірде (Алматы қ., Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу, Ақтөбе облыстарында) жаңа онкология орталықтарын салу және Ақтөбе, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында радиологиялық корпус пен операциялық-реанимациялық корпустарды реконструкциялау көзделген.

Сондай-ақ, соңғы 3 жылда жаңа онкология орталықтары пайдалануға берілген Маңғыстау, Павлодар және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде онкология орталықтарына күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Өз сөзінің соңында Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы 2026 жылға қарай Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асырудың кейбір нәтижелері туралы хабардар етті.

Бұл ерте диагностиканың 35,0%-ға дейін өсуі, сәулемен емдеумен қамтудың 50,0%-дан жоғары өсуі, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің 100 мың халыққа шаққанда 64,9-ға дейін төмендеуі, сондай-ақ таргеттік және иммундық-онкологиялық препараттардың  есебінен дербестендірілген терапияға қолжетімділіктің артуы және бүгінгі 55,3% деңгей кезінде онкологиялық науқастардың  5 жылдан астам өмір сүру ұзақтығын  57,0%-ға дейін ұлғайту болып табылады.