ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ А. ҒИНИЯТ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ А. ҒИНИЯТ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Бүгін медициналық объектілерді аралағаннан кейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Маңғыстау облысында халықпен кездесу өткізді, оған 500-ден астам адам қатысты.

Министр өзінің кіріспе сөзінде денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағыттарын атап өтті, бұл медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қамтуды кеңейту, ауылдық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»  пилоттық жобасын әзірледі.

Қазіргі уақытта өңір ауылдарында 57 медициналық ұйым медициналық көмек көрсетеді, бұл объектілердің  тозуы 49% құрайды.

Маңғыстау облысында ауылда 3 МСАК объектісін: Маңғыстау ауданында бір дәрігерлік амбулатория, Бейнеу ауданында медициналық пункт және Қарақия ауданында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған. Сондай-ақ, республика бойынша пилоттық жобаның шеңберінде 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы, оның ішінде Бейнеу ауданында бір аурухананы ашу және қайта жаңарту жоспарлануда.

Министр соңғы екі жылда медициналық көмектің көлемін ұлғайтуға қол жеткізілгенін, атап айтқанда консультациялық-диагностикалық қызметтердің  саны 1,5 есеге ұлғайғанын, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығыстарын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ведомство басшысы 20 қазаннан бастап елімізде аса қауіпті инфекциялық емес ауруларды анықтау мақсатында ауыл тұрғындарына профилактикалық қарап-тексерулер жүргізу бойынша ауқымды науқан басталғанын еске салды.

А. Ғиният Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындары үшін профилактикалық қарап-тексерулер (скринингтер) жүргізу кезінде тәсілдерді қайта қарағаны туралы айтты. Бұрын профилактикалық қарап-тексерулер жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, глаукоманы, қант диабетін, онкологиялық ауруларды, мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін жүргізілген.

Асқазан-ішек жолдарының, несеп шығару жүйесінің, егде жас тобындағы тыныс алу ағзаларының және қуықасты безі обырының ауруларын ерте анықтауға арналған зерттеп-қараулар тізбесін кеңейту, сондай-ақ 18 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды скринингтермен қамту жаңа инновация болып табылады.

2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды.  Осы бағдарламаның шеңберінде 2021 жылы Маңғыстау облысында 267 квота бөлінді, 81 әйелде жүктілік болды, 53 отбасы бала сүю бақытына ие болды. Кадрлдық қамтамасыз ету бөлігінде, бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 4,8 мың дәрігер бар, өңірде кадр тапшылығы 256 штат бірлігін құрайды.

Егер ағымдағы жылы ел өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 2980 түлегі бөлінген болса, оның ішінде Маңғыстау облысында – 18, оның 7-і ауылға жұмысқа орналастырылған.

Кадрлар тапшылығын төмендету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде өңір үшін мамандар даярлауға 44 орын бөлінді.

Кездесу барысында өңір тұрғындары Министрге медициналық көмектің және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігіне, операцияға жолдама алуға, ауруы бойынша мүгедектік тобын беруге қатысты бірқатар сұрақтар  қойды.

Бұдан әрі Ажар Ғиният операция жасау, ауылдағы скринингтер, сирек кездесетін аурулары бар науқастарды препараттармен қамтамасыз ету бойынша сұрақтармен жүгінген азаматтарды жеке қабылдады.

Министр өңір тұрғынының әрбір өтінішіне толық жауап беріп, бірқатар мәселелерді жеке бақылауына алып, ведомствоның бейінді департаменттеріне шешімдерді пысықтауды тапсырды.

Коммуникациялар қызметінің өңірлік алаңында Ажар Ғиният жергілікті және республикалық БАҚ журналистерінің сұрақтарына жауап берді.

Халықтың арасында онкологиялық аурулардың өсуіне алаңдаған журналистер осындай диагнозы бар науқастарға тиімді медициналық көмек көрсету мәселелерін көтерді, оларды дәрігерлік кадрлардың тапшылығы мәселелері және олардың шешімін қалай табу керектігі  алаңдатты, олар өңірдің жұмыссыз тұрғындарының МӘМС жүйесіне қатысуы туралы сұрады.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы БАҚ өкілдерінің әрбір сұрағы бойынша толық түсініктеме берді.