ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША БҰҰ ОРНЫҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫНЫҢ РЕЙТИНГІНДЕГІ ПОЗИЦИЯСЫН ЖАҚСАРТТЫ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША БҰҰ  ОРНЫҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫНЫҢ  РЕЙТИНГІНДЕГІ  ПОЗИЦИЯСЫН ЖАҚСАРТТЫ

Парламент Сенатында денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері бойынша Үкіметтік сағат өтті, оның барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.

Денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасын бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы үкіметтік сағат барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният атап өтті.

«Республика азаматтарының денсаулығын нығайту Үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Біз Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жоғарыда аталған тапсырмаларды іске асыру нәтижесінде елімізде денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады», - деп атап өтті Ажар Ғиният  депутаттық корпустың алдында сөйлеген сөзінде.

Статистика көрсеткендей, халықтың жалпы өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл 28%-ға төмендеді.

«2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қанайналым жүйесінің ауруларынан 100 мың халыққа шаққанда өлім көрсеткішінің 32%-ға төмендегені байқалады, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңіндегі 228,4-ке қарсы 154,4, обыр – 9%-ға 74,7-ден 67,9-ға дейін, жарақат-4%-ға 2021 жылғы 61,1-ден  2022 жылы  57,9-ға дейін төмендеді, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 33%-ға 2022 жылы 106,6-дан 66,6-ға дейін төмендеді, ал туберкулезден болатын өлім 17%-ға, яғни 2021 жылғы 1,6-дан 2022 жылы 1,4-ке дейін төмендеді. Ана өлімінің айтарлықтай– 3,5 еседен астам төмендеуі байқалады», - деді министр. 2022 жылдың 10 айында ана өлімінің көрсеткіші 100 мың тірі туғандарға шаққанда 46,2-ге қарағанда 14,3 құрады. Ажар Ғинияттың айтуынша, еліміздің халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсаруы халықаралық рейтингтерде де көрініс табады.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары рейтингінде Қазақстан Республикасының позициясының жақсарғаны байқалады. 2020 жылы 193 елдің ішінде Қазақстан 65-орынды иеленді, ал 2022 жылдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымы біздің мемлекетіміздің рейтингін,  59-орынға дейін  6  позицияға көтеріп, жақсартты», - деді А.Ғиният.

Министрдің айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде  медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген.

            «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек – бұл халыққа барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет. Денсаулық сақтаудың осы секторында негізгі проблемалар материалдық-техникалық жарақтандырудың әлсіздігі, ғимараттардың қатты  тозуы және кадрлармен қамтамасыз етудің төмендігі болып қала береді. Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде біз МСАК-тың  қолжетімділігін барынша ұтқырлық және халықтың кең ауқымына қолжетімділік жағына қарай  жақсарту жөніндегі іс - шаралар жоспарын бекіттік және іске асырып жатырмыз», - деді Ажар Ғиният.

Қазіргі уақытта елімізде 5 мыңнан астам МСАК медициналық ұйымдары жұмыс істейді. 2021 жылы қосымша 30 медициналық объекті  пайдалануға берілді, ал ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 92 объекті  ашу жоспарлануда.

«МСАК ұйымдарының кадрлық әлеуеті 90 мыңға жуық медицина қызметкерін құрайды. Қазіргі уақытта бір жалпы практика дәрігеріне жүктеме орташа есеппен 1 830 адамды құрайды. Сонымен қатар, медициналық көмектің тиімділігін арттыру үшін учаскелік дәрігерден басқа үш орта медицина қызметкерін, әлеуметтік қызметкерді, медициналық психологты, сондай-ақ қажет болған жағдайда басқа да бейінді мамандарды қамтитын учаскелік МСАК көпбейінді бригадасы құрылады», - деді А.Ғиният.

Бұл ретте, министр атап өткендей, МСАК қызметінің учаскелік дәрігерлерін материалдық ынталандыру үшін бекітілген халықтың ынталандырушы компоненті төленеді. Сонымен қатар, бүкіл ел бойынша дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер жыл сайын орташа жалақыны сәйкесінше 30% және 20% көтереді.

«Елімізде МСАК қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жыл сайын артып келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, егер 2019 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (АДҚ) шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор 2 млн 281 мың адамды қамти отырып, 114,6 млрд теңге сомасына 45 нозология (ТМККК шеңберінде) бойынша дәрілік заттарды сатып алса, онда МӘМС енгізудің арқасында қазіргі жағдай бойынша нозологиялар тізбесі АДҚ үшін 3 млн. 771 мың адамды қамти отырып, 162,7 млрд. теңге сомасына 176 ауруға дейін кеңейтілді», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Ведомство басшысы ауыл тұрғындарын профилактикалық қарап-тексеру бөлігінде жаңа тәсілдерге ерекше назар аударды.

«Бұрын скринингтерде біз жүрек-қан тамырлары аурулары, глаукома, қант диабеті, онкологиялық аурулар, мінез-құлық қауіп факторлары сияқты бес нозологияны ғана анықтадық. Биылғы жылы ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын талдауды ескере отырып, біз зерттеп-қарау тізбесін кеңейттік», - деп атап өтті А.Ғиният.

Осылайша, бүгінгі күні асқазан-ішек жолдарының, несеп  шығару жүйесінің, егде жастағы топтағы тыныс алу ағзаларының  және қуық асты безі обырының ауруларын ерте анықтауды, сондай-ақ 18 бен 29 жас аралығындағы адамдарды зерттеп-қараумен қамтуды қамтитын профилактикалық қарап-тексерулер  жүзеге асырылуда.

«Бүгінгі таңда зерттеліп-қаралған  44 мың ауыл тұрғынынан 11 мыңнан астам адам динамикалық бақылауға алынды, оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері байқалды», - деп хабарлады А.Ғиният.

Сонымен қатар, осы уақытқа дейін медициналық ұйымдар базасында 72 дәріхана пункті мен ауылда 161 жеке дәріхана ашу қамтамасыз етілді.

Жету қиын ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендердің әлеуеті кеңінен пайдаланылады

Сондай-ақ, биыл 2 «Жәрдем»  және «СаламаттыҚазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды.

2021 жылы санитариялық авиацияның 2500-ден астам ұшуын медициналық авиация жүзеге асырды.

Министрдің айтуынша, ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына МСАК қолжетімділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Осылайша, ауылдарда 50 адамға дейін медициналық көмекті мейірбике үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылды.

Бұдан әрі Денсаулық сақтау министрі Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы жағдайды жақсарту бойынша бірқатар шараларды атады.

«Балалардың денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде алдын алуға ерекше назар аударылды. Балалар мен жүкті әйелдерді, оның ішінде қауіп тобындағы балаларды зерттеп-қарау және оларға консультация беру үшін пренаталдық  ультрадыбыстық скрининг жүргізуді ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілді, 18 ұрықты сақтау орталығы ұйымдастырылды. Сондай-ақ дамуында кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар (Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында) 3 жасқа дейінгі балаларға арналған екі ерте араласу орталығы ашылды. 2023 жылдың соңына дейін 10 мыңнан астам баланы қамтитын 13 орталық ашу жоспарланған», - деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы атап өткендей, жүргізіліп жатқан зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балаларды профилактикалық қарап-тексеру пакеттері кеңейтілді.

«Медициналық оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7 есеге, оның ішінде балалар үшін 27%-ға өсті. 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды, оған 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Бағдарламаны іске асыру барысында 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, көптен күткен 2 431 бала туды», - деді министр.

Сондай-ақ, Ажар Ғинияттың айтуынша, жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 11 заманауи перинаталдық орталықтардың құрылысы жоспарланған.

Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу бөлігінде министр білікті мамандарды, оның ішінде ауылдық денсаулық сақтау үшін даярлау жөніндегі шараларды атап өтті.

«Еліміздің мемлекеттік медициналық ұйымдарында 270 мыңға жуық медицина қызметкері, оның ішінде 80 мыңға жуық дәрігер және 190 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Республика бойынша кадрлардың тапшылығы 7,7 мыңнан астам бірлікті құрайды, оның ішінде дәрігерлер – 3,9 мыңға жуық, орта медицина қызметкерлері – 3,8 мыңға жуық бірлікті құрайды», - деді Ажар Ғиният.

Министрдің мәліметінше, 2021 жылы өңірлерге 3 034-тен астам жас дәрігер немесе 96% жұмысқа орналастырылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін дәрігерлердің жалақысын жыл сайын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін және медицина қызметкерлерінің мәртебесін сақтандыру жүйесін енгізуді қамтамасыз ету үшін тиісті заң жобасы әзірленді, ол қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралуда»", - деп хабарлады ведомство басшысы.

Ажар Ғинят денсаулық сақтау жүйесінің алдында нақты ауқымды міндеттер тұрғанын, олардың сапалы іске асырылуы жүйенің ағымдағы және болашақ жаһандық сын-тегеуіріндерді жоюға дайындығын нығайтуға, сондай-ақ халықтың қажеттіліктеріне сәйкес келетін пациентке бағдарланған денсаулық сақтау моделін қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының, Үкіметтің және депутаттық корпустың ерекше назарының арқасында салада инфрақұрылымды айтарлықтай жаңарту жүргізілді және медицина қызметкерлерін қолдаудың бұрын - соңды болмаған шаралары көрсетілді», - деп атап өтті министр.