ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕН «ROCHE» КОНЦЕРНІ ІСІККЕ ҚАРСЫ ПРЕПАРАТТАРДЫ ӨНДІРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕН «ROCHE» КОНЦЕРНІ ІСІККЕ ҚАРСЫ ПРЕПАРАТТАРДЫ ӨНДІРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Roche Holding AG» швейцариялық фармацевтикалық компаниясы ісікке қарсы инновациялық препараттар өндірісін оқшаландыру жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойды.

«Біз швейцариялық технологиялардың Қазақстанға трансфертін, оның ішінде Roche компаниясының Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға белсенді үлес қоса отырып, әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге бағытталған жобаларды іске асыруын құптаймыз», - деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният концерн басшысы доктор Кристоф Францпен кездесу барысында.

Министр жетекші фармацевтикалық компаниямен бірлескен жоба пациенттердің инновациялық дәрілік заттарға және емдеу әдістеріне, әсіресе сүт безі обыры сияқты белгілі бір онкологиялық ауруларды емдеуге арналған әдістерге қолжетімділігін жақсартатынын атап өтті.

Өз кезегінде фармацевтикалық компанияның басшысы Кристоф Франц қазақстандық тарапқа белсенді ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, дәрі-дәрмек өндіруден бастап технологиялар трансферіне дейінгі бірқатар бағыттар бойынша әріптестік қатынастар тек нығая түсетініне сендірді.