ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ҚАЗАҚСТАНДА ТҰМАУ ВИРУСЫНЫҢ ЕКІ ШТАММЫ АЙНАЛЫМДА ЖҮР

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ҚАЗАҚСТАНДА ТҰМАУ ВИРУСЫНЫҢ ЕКІ ШТАММЫ АЙНАЛЫМДА ЖҮР

Бүгінгі брифингте ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова ағымдағы эпидемиялық маусымда Қазақстанда тұмау вирусының екі штаммының - А (H3N2) және В айналымы анықталғанын және олардың вакцина құрамына енгізілгенін хабарлады.

Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының мониторингі жыл сайын 1 қазаннан 30 сәуірге дейін жүзеге асырылады. Ағымдағы эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-нің 764 247 жағдайы тіркелді. Бұл ретте, Роза Қожапова нақтылағандай, бүгінде республика бойынша аурушаңдық өткен жылдың осы кезеңіндегі деңгейімен тең. 

"Тұмаудың зертханалық расталған 521 жағдайы тіркелді. Тұмаумен ауырғандардың ең көп саны Қызылорда облысында тіркелді – 128 жағдай. Жетісу облысында – 84, Ақтөбе облысында – 69, Алматыда – 60, Қарағанды облысында – 41, Астанада – 38, Ақмола облысында – 26, Қостанай облысында – 15, Жамбыл облысында – 19, Маңғыстау облысында – 13, Павлодар мен Атырауда 7 жағдай, Батыс Қазақстанда – 6, Солтүстік Қазақстанда – 4, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында 2 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 179, жүкті әйелдер арасында – 106", - деді Роза Кожапова.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда тұмаудан басқа вирустар да таралып жатқанын атап өтті.

"Тұмаудан басқа инфекцияларға 1202 сынама зерттелді, оның ішінде 254 сынама (21,1%) оң нәтиже берді, риновирусқа - 93, РС вирусына - 77, парагриппке - 31, коронавирусқа - 20, аденовирусқа - 17, бокавирусқа – 10, метапневмовирус – 6", - деп хабарлады эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы.

Ағымдағы эпидемияға тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу мақсатында 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің ағымдағы эпидемиологиялық маусымға тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу туралы қаулысына қол қойылды. Құжатқа сәйкес, медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын жүргізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың тұмауға және басқа ЖРВИ-ге зертханалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілген.

Роза Қожапова аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі вакцинация екенін атап өтті. Ағымдағы жылы бюджет қаражатына Ресей өндірген "ГРИППОЛ +" вакцинасының 2,3 млн.дозасы сатып алынды. Бұл ДДСҰ ұсынған кемінде 10%-дан республиканың жалпы халқының 12%–ын қамтуға мүмкіндік береді.

«Халықтың ең осал топтары мемлекеттік бюджет есебінен егіледі, олар: медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары; эпидемиологиялық көрсеткіш бойынш»- деп түсіндірді Роза Қожапова.

Қазақстанда халықты тұмауға қарсы вакцинациялау қазан айының басынан бастап жүргізіледі. Бүгінде республика бойынша тұмауға қарсы 1 806 710 адам немесе республиканың жалпы халқының 9,5% егілді, оның ішінде 97,3 % - жергілікті бюджет қаражатынан, 1,6% - жұмыс берушілер есебінен және 1,1% - ақылы негізде.

"Вакцинацияланғандардың жалпы санынан: 14 жасқа дейінгі балалар – 392 076 (21,2%), ересектер – 1 423 287 (78,8%) вакцинацияланды. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ", - деп атап өтті Роза Қожапова. 

Роза Қожапова тұмау кенеттен басталып, температураның күрт көтерілуімен бірге жүретінін еске салды. Дененің айқын интоксикациясы, сондай-ақ қалтырау, адинамия, бұлшықет және бас ауруы, бүкіл денеде ауырсыну, төс сүйегінің артындағы ауырсынумен құрғақ жөтел пайда болады.

Аурудың алдын алу үшін қарапайым алдын-алу шараларын сақтау ұсынылады: адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, антисептиктерді қолдана отырып дезинфекциялық режимді күшейту, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету.

"Науқастардың 80% – ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге жібермеу керек", - деп кеңес берді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.