Өңірлердің үздік практикалары: Аягөз ауданаралық ауруханасы шұғыл әрі жоғары технологиялық медициналық көмекті қалай жолға қойды

Өңірлердің үздік практикалары: Аягөз ауданаралық ауруханасы шұғыл әрі жоғары технологиялық медициналық көмекті қалай жолға қойды

72 мыңнан аса халыққа қызмет көрсететін Аязгөз ауданаралық ауруханасы аудандық деңгейде ұйымдастырылған  ең ірі емдеу мекемелерінің бірі болып табылады.

Аягөз ауданаралық ауруханасынан бөлек ауданның денсаулық сақтау мекемелерінің құрамына 15 дәрігерлік амбулатория, 16  медициналық пункт, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт кіреді. Ауылдық елді мекендерде 24 дәрігер, 145 орта медицина қызметкерлері еңбек етеді.

Бұған қоса шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жыл сайын құрамында хирург, акушер-гинеколог, жалпы практика дәрігері, стоматолог, зертханашы дәрігер және орта медицина  персоналы бар жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылады.

2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында ЖМК 11997  аудан тұрғынын зерттеп-қараудан өткізіп, 2300-ден аса әртүрлі зертханалық, рентгенологиялық, ЭКГ, УДЗ зерттеулер жүргізді. Жылжымалы флюораграфиялық кешен ауылдық жерге барып, 4643 зерттеп-қарау жүргізді.

Аурухананың өзінде пациенттерді қолдау қызметі мен Call-орталық жұмыс істейді. Медцииналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында халыққа дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге  шақыру, тегін дәрі-дәрмек беру тәртібі, емдеуге жатқызу, медициналық ұйымға бекіту ережелері және т.б. туралы тұрақты түрде ақпарат таратылып тұрады.

Аурухананың  қабылдау бөлімшесі триаж-жүйесі бойынша жұмыс істейді.  Қабылдау бөлімі шұғыл медициналық көмек көрсету  үшін УДЗ, ӨЖЖ,  дефибриллятор, ЭКГ секілді шұғыл көмек көрсетуге арналған бастапқы реанимациялық жиынтық аппараттарымен толық жабдықталған және орталықтандырылған оттегі станциясына қосылған.

Дәрігерлерге науқасқа диагноз қойып, дұрыс емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Бұл ретте соңғы 3-4 жылдың ішінде аурухананың материалдық-техникалық базасын күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Мәселен, 2018 жылы орталық аурухананың базасында облыс әкімшілігінің тікелей көмегімен инсульт орталығы ашылды, ол қажетті медициналық жабдықтармен, оның ішінде компьютерлік томограф аппаратымен жабдықталған.

Бүгінгі  таңда инсульт орталығында  тек Аягөз ауданының тұрғындары ғана емес, көршілес Үржар, Жарма, Ақсуат аудандарының тұрғындары да ем алады.  Ашылғаннан бері 1600  пациент,  оның ішінде басқа аудандардан  600 пациент емделіп шықты.

Ал орталықтың компьютерлік томография кабинетінде әртүрлі ауруларға 10000 аса зерттеп-қарау жүргізілді.

Короновирус инфекциясынан болатын өкпе қабынуын дер кезінде анықтауға компьютерлік томография зерттеп-қараудың зор көмегі тигенін айта кету маңызды.

 Пандемия кезеңінде (2020-2021 жылдары) ауруханада COVID-19-бен ауырған науқастарды емдеу үшін 50 төсектік стационар жұмыс істеді. 308 науқас емделіп, 800-ден аса адам КТ арқылы өкпе пневмониясына зерттеліп-қаралды.

2019 жылдан бастап күрделі жөндеуден және қажетті медициналық жабдықтармен жарақталғаннан кейін босандыру бөлімшесінде ІІІ деңгейдегі перинатальдық көмек көрсетіле бастады. Соңғы үш жылдың ішінде перзентханада 3900 бала дүниеге келді,  оның ішінде 455 ана басқа аудандардан келіп босанды. Жаңа туған снәрестелердің патологиясы бөлімінен 297 бала емделіп шықты.

2020 жылы ауруханада II деңгейдегі кардиологиялық орталық ашылды. Осы уақыт ішінде кардиологиялық орталықта 995-тен  астам (ауданнан –746,  басқа қалалардан – 209)  ангиографиялық зерттеу  жүргізілді.

2021 жылдан бастап практикаға жоғарғы технологиялық медициналық көмек жүргізу кеңінен кірді.

Мәселен,  өткен жылы 14 ЖТМК операциясы, оның ішінде жалпы бивентрикулярлық дефибриллятор жүйесін имплантаттау (CRT-D)-4, бассүйек ішіндегі артерияларға стенттерді тері арқылы имплантаттау-4, автоматты кардиовертерді/дефибрилляторды имплантаттау-5, бас пен мойын тамырларын эндоваскулярлық (жаппай) эмболиялау немесе окклюзиялау-1 секілді күрделі операциялар жүргізілді.  2022 жылдың өткен кезеңінде осындай 5 ЖТМК операциясы жүргізілді.

Бұдан басқа, медициналық ұйымның басшылығы мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Соңғы 3 жылдың ішінде 37 маман Ұлыбритания, Түркия, Литва, Ресей мемлекеттерінде оқып, тағылымдамадан өтті.

Аягөз ауданаралық ауруханасындағы атқарылған жұмыстардың нәтижелері дұрыс ұйымдастырылған жағдайда ауыл халқына медициналық көмектің сапасын айтырлықтай жақсартуға болатынын көрсетеді.  Осынша қысқа уақыттың ішінде өңірде жедел коронарлық синдром кезіндегі өлім едәуір азайды, акушерлік-гинекологиялық көмек, шала туған нәрестелерге күтім жасау жақсарды.  Облыстық немесе республикалық маңызы бар медициналық мекемеге жібермей-ақ, пациенттерге аудан деңгейінде шұғыл жағдайда мамандандырылған әрі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің сапасы артты.

Қазіргі таңда Аягөз ауданаралық ауруханасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген міндеттерге сәйкес көпбейінді ауданаралық ауруханаға қайта бағдарлану бойынша жұмыс жалғасуда.