Аймақтардың үздік тәжірибесі: Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емхана медициналық қызмет көрсетудің жаңашыл тәсілдерін қалай игеруде?

Аймақтардың үздік тәжірибесі: Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емхана  медициналық қызмет көрсетудің жаңашыл тәсілдерін қалай игеруде?

100 мыңнан аса елорда халқына қызмет көрсететін Нұр-Сұлтан қаласының №9 емханасы үлгілі медициналық ұйымдардың бірі саналады. 2020 жылы емхана ұлттық аккредитациядан өтіп,  бірінші санатқа ие болды. 2022 жылы «Үздік МСАК ұйымы» құрметті атағын жеңіп алды.

Емханада пациенттер нөпірі триаж жүйесі арқылы бөлінеді.  Кезекті басқарудың электрондық жүйесі енгізілген. Скрининг және қарап-тексеру кабинеттері, шұғыл ден қою кабинеттері жұмыс істейді. ЖРВИ, тұмауы бар, дене қызуы көтерілген пациенттер  үшін кіреберісі бөлек, таза және лас аймақтарға бөлінген фильтр ұйымдастырылған.

Ерекше қажеттілігі бар пациенттер «медициналық-әлеуметтік терезеге»  жүгінеді. Ол  жерде оларға медициналық-әлеуметтік қызметтер алуға бағыт-бағдар беріледі.

Халықпен кері байланысты қамтамасыз ететін Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы айрықша атап өтуге тұрарлық. Емхананың call-орталығы азаматтардың өтінімін «дәл осы жерде, дәл қазір» қағидатына сай қарастырып қана қоймайды, сонымен қатар медициналық көмек сапасын жақсарту бойынша  ұсыныстар  береді.

Кішкентай пациенттерге арналған баланы дамыту кабинеті бар. Онда балалардың психофизиологиялық дамуына бағалау, аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Шала туған балалар катамнез кабинетінде бақылауға алынады. Оларға жоғары санатты педиатр-дәрігер, медицина ғылымдарының кандитаты, Астана медицина университетінің балалар аурулары кафедрасының доценті кеңес береді. Жас жұбайлар отбасын жоспарлау кабинетінде ақыл-кеңес алады.

Емханада жүкті әйелдер мен  кішкентай балаларға арналған патронаж қызметінің әмбебап-прогрессивті моделі сәтті енгізілген. Бұл тәсілді ДДҰ мен ЮНИСЕФ медициналық-санитариялық көмек көрсету сапасының қазіргі талаптарына жауап беретін медициналық-әлеуметтік бағыттағы модель ретінде алуға кеңес берген болатын.

Мақсатты модель дегеніміз – медициналық және психологиялық-әлеуметтік қатермен байланысты айрықша қажеттіліктері бар топтарды патронаждық бақылауға алу.

Емханада сондай-ақ емдік және оңалту шараларына арналған күндізгі стационар, пациенттерге амбулаториялық-емханалық жағдайдағы хирургиялық көмектен бөлек, жалпы хирургия, проктология, травматология, ортопедия және урология сияқты бағыттар бойынша арнаулы хирургиялық көмек алуға мүмкіндік беретін амбулаториялық хирургия орталығы (АХО) жұмыс істейді.

Антикоагулянттық терапия кабинеті және ауруларды басқару бағдарламасы жүзеге асырылады.

Апта сайын диабет, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық аурулары, астма, отбасын жоспарлау, қауіптің мінез-құлық факторлары, дені сау бала және босануға дайындық мектептерінің жұмысы ұйымдастырылады.

Медициналық ұйым басшысы кадрлық құрамды күшейту айрықша көңіл бөледі.  Дәрігерлер 30 бағытқа маманданған. Науқастарды ғылыми дәрежесі не жоғары біліктілік санаты бар дәрігерлер қарап-тексереді. Олардың қатарында ангиохирург, проктолог, кардиохирург, профпатолог, дерматолог, неонатолог және гастроэнтролог секілді көп жерде жетіспейтін арнаулы дәрігер  мамандары да бар.

Ал дербес қабылдауды академиялық бакалавр дәрежесін меңгерген 10 мейірбике, қолданбалы бакалавриаты бар 16 мейірбике жүргізеді.

Емхана республикалық мақсатты трансферт және жергілікті бюджет есебінен Холтер, СМАД, Тредмил, КТ, УЗИ, ФГДС сынды заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған.