ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медсақтандыру қорының Қызмет көрсетушілер тізіміне жекеменшік медициналық ұйымдарды қосу рәсімін жеңілдетті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медсақтандыру қорының Қызмет көрсетушілер тізіміне жекеменшік медициналық ұйымдарды қосу рәсімін жеңілдетті.

Денсаулық сақтау министрлігі ТМККК шеңберінде немесе МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге үміткер жекеменшік медициналық ұйымдарды Медсақтандыру  қорының  Қызмет көрсетушілер тізіміне қосу рәсімін едеуір жеңілдетті. 

Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және кәсіпкерлік субъектілеріне кедергілерді жою үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің  «Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 6 қарашадағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» № ҚР ДСМ-186/2020  бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығымен  денсаулық сақтау инфрақұрылымының аймақтық перспективалық даму жоспарына денсаулық сақтау объектілерін алдын ала қосу талабын алып тастау қарастырылған.

Осылайша денсаулық сақтау субъектісі денсаулық сақтау субъектілерінен қызметті сатып алу веб-порталына өтінім берген кезде, Медициналық сақтандыру қоры үш жұмыс күні ішінде ол денсаулық сақтау субъектісін Қызмет көрсетушілер тізбесіне енгізеді. Ол үшін денсаулық сақтау субъектісінің медициналық қызметке лицензиясы болуы шарт және банкроттық рәсіміне немесе жоюға қатысы, қызметін тоқтата тұрумен байланысты шектеулері болмауға тиіс. Сондай-ақ  соңғы үш жыл ішінде Қормен жасалған қызметтерді сатып алу шарты орындалмауы, уақытылы не тиісті деңгейде орындалмауы себепті біржақты тәртіппен бұзылмаған немесе субъектісінің өз бастамасымен біржақты тәртіппен бұзылмаған болуға тиіс. 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің аталмыш бұйрығы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, медициналық қызмет нарығын дамытуға және өнім берушілерді әділ бәсекелестікке ынталандыруға оңтайлы жағдай туғызуды көздейді.

Қазақстанда 1426 өнім беруші медициналық қызмет көрсетеді, оның ішінде 767-сі жеке меншік нысаны.