Республикалық штаб отырысында КВИ ауруының өсуі қарастырылды

Республикалық штаб отырысында КВИ ауруының өсуі қарастырылды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Отырысқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшылары қатысты.

Республикадағы эпидемиологиялық жағдай, КВИ ауруының өсу себептері, коронавирустық инфекциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету, тиісті халыққа вакцинация жүргізу мәселелері талқыланды.

"Қазақстанда маусым айының басынан бері коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың кезекті өсуі байқалды, соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық 2,5 есе өсті. Бұл ретте ауырғандардың 66%-ы Алматы және Нұр - Сұлтан қалаларына тиесілі екенін байқауға болады", - деп атап өтті министр.

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов отырыста COVID-19-ды жұқтыру қаупін азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

"Елордада ағымдағы жылдың 16 маусымынан бастап коронавирустық инфекцияның өсуі байқалады. Ағымдағы жылғы 13 шілдедегі жағдай бойынша қалада 241 111 жағдай тіркелген. Соңғы 3 аптада орташа есеппен тәулігіне 64 жағдай тіркелуде", - деді елорданың ҚДС басшысы.

Ол МСАК ұйымдары жанындағы сүзгі кабинеттерінің, ахуалдық орталықтардың жұмысы күшейтілгенін, биоматериал алу бойынша кабинеттер саны артқанын, мобильді бригадалар мен CALL-орталықтар 24/7 режиміне ауысу мүмкіндігімен жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова КВИ-мен сырқаттанушылықтың мониторингі бойынша деректерді хабарлады.

"Вакцинацияланған адамдар арасында сырқаттанушылық тұрақты негізде бақыланады. Ауруды талдау барысында жыл басынан бері сырқаттанған адамдардың 93%-ы вакцинациядан өтпегені анықталды. Осылайша Нұр-Сұлтан қаласында вакцинацияланбаған және вакцинациялаудың толық курсы жоқ адамдар аурушаңдыққа бейімірек деп қорытынды жасауға болады", - деп хабарлады қаланың бас санитарлық дәрігері.

Штаб отырысының қорытындысы бойынша өңірлерге МСАК, мобильді бригадалардың, стационарлардың резервтік төсектерді өрістету бойынша дайындығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау; халықты вакцинациялаумен, ревакцинациялаумен және қайта ревакцинациялаумен тиісті қамтуды қамтамасыз ету ұсынылды.

Сондай-ақ, дәрі-дәрмектердің жеткілікті мөлшерін қамтамасыз ету, Call-орталықтардың жұмысын жандандыру және қашықтықтан медициналық қызметтерді пайдалану бойынша ұсыныстар айтылды.