Қазақстанда 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысы 2 есеге артады

Қазақстанда 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысы  2 есеге артады

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың төрағалығымен Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіптік одағы ортақ келісімге қол қойды.

Әлеуметтік әріптестік шеңберінде қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін, кепілдіктері мен жеңілдіктерін қорғау  мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған салалық келісім жасалды, оның ішінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысын арттыру, жалақыны уақтылы төлеу бойынша қоғамдық бақылау жүргізу, еңбекақыны тұрақты көтеру сынды мәселелер ескерілді.

Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақысы  орта есеппен 30%, орта медициналық қызметкерлерінің еңбекақысы 20% өседі. Жалақы ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің біліктілік санатына байланысты № 1193 қаулыда көзделген жалақыға коэффициенттерді белгілеу арқылы  (сыйлықақылар мен өзге де ынталандырушы төлемдерді есепке алмағанда) есептеледі.

Денсаулық сақтау ұйымдары бекітілген келісім аясында қосымша үстеме ақы қосып төлей алады. Келісім жұмыс берушілердің ұжымдық және еңбек шарттарымен айқындалған қызметкерлерге еңбекақы төлеу, жұмыс режимі, демалыс және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары бөлігінде қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер беру құқығын шектемейді.

Келісім шеңберіндегі  ережелер тараптар үшін міндетті болады, денсаулық сақтау ұйымдары ұжымдық шарттарды  осы құжат негізінде  жасауы тіс.

Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшы Ботагоз Жақселекованың айтуынша, 2023 жылға қарай денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру  аясында дәрігердің жалақысы шамамен 400 мың теңгеге және орта медициналық қызметкерлердің еңбекақысы  шамамен 200 мың теңгеге жетеді.

МӘМС қорының басшысы Айбатыр Жұмағұлов ТМККК және МӘМС аясында қызмет көрсету бойынша келісім-шарттар жасар кезінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық ұйымдарға дәрігерлердің жалақысын 30%, орта медициналық қызметкерлердің жалақысын 20% арттыру міндеттелгенін растады.

Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Тәжібай Бақытжан министрге және оның командасына сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру аясында жасалған жұмыстар  үшін, Мемлекет басшысының еңбекақыны көтеру  жөніндегі тапсырмаларын орындауға адал және жауапты қарағаны  үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, жыл ішінде бұл салада жалақы үш рет өскенін атап өтті.

«Кәсіподақ ретінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысы бойынша еліміз ЭЫДҰ мемлекеттерімен салыстырғанда айтарлықтай артта қалғанын мойындаймыз,бірақ аталған  мәселені шешуде оң серпін бар. Бұл болашаққа деген сенім мен оптимизмді білдіреді», - деді Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Тәжібай Бақытжан.