А. Ғиният ҚР-дағы бірлескен жобалар бойынша швейцариялық Roche фармкомпаниясымен келісімді іске асыру барысын талқылады

А. Ғиният ҚР-дағы бірлескен жобалар бойынша швейцариялық Roche фармкомпаниясымен келісімді іске асыру барысын талқылады

Бүгін Үкімет делегациясының Анкараға ресми сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Roche компаниясының Қазақстан бойынша Бас директоры Тойлан Шенельмен кездесті.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстан тарапы мен Roche компаниясы арасында өткен жылдың 29 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Швейцарияға ресми сапары аясында қол қойылған Негіздемелік келісімді еске салды.

А.Ғиният осы Келісім шеңберінде бірқатар инновациялық дәрілік заттар өндірісін оқшаулау жолымен жергілікті өндірістің медициналық препараттарының үлесін арттыруға қол жеткізілетініне сенім білдірді.

Құжатқа сәйкес отандық өндіріс базасында жобаның бірінші кезеңін іске асыру 2023 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Қазіргі уақытта ҚР фармацевтикалық нарығында дәрілік заттардың 16 позициясы және швейцариялық өндірушінің медициналық бұйымдардың 8 позициясы тіркелген.

"Біз Roche компаниясының жұқпалы ауруларды, соның ішінде COVID-19 диагнозын қою үшін елімізде зертханалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруын құптаймыз. Сондай-ақ, ҚР - да өңірлік ғылыми-зерттеу орталығын құру және Қазақстанның жұмыс істеп тұрған онкологиялық орталықтарының бірінде онкологиялық ауруларды зерттеу бойынша заманауи зертхана ашу өзекті деп санаймыз", - деп атап өтті Ажар Ғиният швейцариялық фармкомпаниямен келіссөздер барысында.

Сонымен қатар, министр Roche компаниясының Қазақстан аумағында дәрілік заттар өндірісін оқшаулауға қатысты ұсынысын қарауға дайын екендігі туралы толығырақ айтып берді. Сондай-ақ, қазақстандық тарап серіктестің басқа да бастамаларын құптайды, оның ішінде - зертханалық диагностика бойынша инновациялық тренинг-орталығын құру, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауды дамыту, әйелдер арасында адам папилломасы вирусын анықтауға арналған скрининг.

Атап айтқанда, аталған екі жобаны іске асыру үшін Roche компаниясы Қазақстанға "cobas 6800" және "cobas 4800" жоғары дәлдікті ПТР тест-жүйелерін тегін негізде ұсынуға, мамандарды оқытуға және әдіснамалық қолдау көрсетуге дайын.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан Республикасы мен Roche ірі фармацевтикалық компаниясы арасындағы денсаулық сақтау саласындағы перспективалы бағыттар бойынша серіктестікті одан әрі нығайту мен жандандырудың маңыздылығын растады.