Астана медицина университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде

Астана медицина университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде

"Астана медицина университеті" КЕАҚ студенттер мен жас ғалымдардың "Медициналық ғылым, білім, тәжірибе: мәселелер және шешу жолдары" атты 64-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп жатыр.

Іс-шара ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылып, студенттер мен жас ғалымдарды ғылыми-зерттеу қызметіне тартуға бағытталған.

Секциялық отырыстар шеңберінде екі күн ішінде конференцияға қатысушылар хирургия, акушерия және гинекология, педиатрия, сәулелік диагностика және медицинаның басқа да бағыттары бойынша ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды. Онда зерттеулерді дамыту және инновацияларды енгізу практикалық денсаулық сақтау саласында ерекше сұранысқа ие.

"Прогресс бір орында тұрған жоқ, күн сайын әлемде өмірді түбегейлі өзгертетін көптеген маңызды жаңалықтар орын алып жатыр және біздің университет те бұл ілгерілеуден тыс қалмауы керек. Біз қазақстандық ғылымның өркендеуі үшін тиісті орта қалыптастырып, білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына қатысуға ынталандырамыз. Астана медицина университеті қазақстандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жатқанын айта кету қажет", - деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде"Астана медицина университеті" КЕАҚ ректоры - басқарма төрағасы Қамалжан Надыров.

Өткен жылдың өзінде университет зерттеушілері 25 ғылыми жобаға қатысып, 61 авторлық куәлік алды және 11 ғылыми әзірлемені патенттеді.

2021 жылы ЖОО ғалымдарының 80-нен астам ғылыми жарияланымдары Scopus және Web of Science деректер базасында индекстелетін алдыңғы қатарлы рецензияланатын халықаралық журналдарда жарияланды.

Университет жанынан құрылған Ғылым қоры рецензияланатын халықаралық журналдардағы жарияланымдар үшін 3 млн теңгеге дейін төлеуді қарастырады.

Іс-шара соңында жүлделі орындарға ие болған студенттер мен жас ғалымдарды марапаттау, сондай-ақ, "Астана медицина университетінің құрметті профессоры" атағы берілген қызметкерлерді марапаттау жоспарлануда.