ҚР-да ісіктерді ерте диагностикалау және емдеу әдістері енгізілді - А. Цой

ҚР-да ісіктерді ерте диагностикалау және емдеу әдістері енгізілді - А. Цой

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан онкологтары мен радиологтарының VIII съезінде құттықтау сөз сөйледі.

Министр өз сөзінде атап өткендей, халық денсаулығын қорғау және халықаралық стандарттар деңгейінде медициналық көмек көрсету Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы болып табылады. Қазақстанда қабылданған 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар қатерлі аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімге байланысты қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірін шешуде еліміздің оң ниетін көрсетеді.
- Қазіргі уақытта елімізде онкологиялық аурулармен диспансерлік есепте 190 мыңнан астам қазақстандық тұр. Жыл сайын елімізде қатерлі ісіктердің 35 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі, жыл сайын 14 мыңнан астам адам онкологиялық аурулардан қайтыс болады. Онкологиялық көмек көрсететін ұйымдарда 459 онколог және 99 радиолог, 420 онколог Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында жұмыс істейді, - деді А. Цой.

Денсаулық сақтау министрі ел басшылығының Стратегиялық көзқарасының арқасында республика тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде онкологиялық көмек көрсетудің негізгі қағидаттары іске асырылғанын атап өтті. Бас институт пен өңірлік онкологиялық орталықтардың инфрақұрылымын дамытуға, штаттың кадрлармен жасақталуына, сәулелік терапия аппараттарымен, диагностикалық зерттеулер мен хирургиялық операциялар жүргізуге арналған жабдықтармен жарақтандырылуына баса назар аударылды. Қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау, алдын алу бойынша мамандандырылған орталықтардың дәрігерлерімен бастапқы буын онкологиялық қызметінің мамандары арасында байланыс реттелген. Бүгінгі таңда отандық онкология практикасына ісіктерді ерте диагностикалау мен емдеудің молекулалық-генетикалық зерттеулер, иммуногистохимиялық зерттеулер, таргеттік терапия, жоғары технологиялық сәулелік және химиотерапия, иммунотерапия, ең аз инвазивті, лапороскопиялық және ағзаны сақтайтын операциялар сияқты қазіргі заманғы әдістері кеңінен енгізілген.

Бұдан басқа, ел халқын озық халықаралық тәжірибе негізінде, сондай-ақ елде жасалған кардиохирургиялық және нейрохирургиялық кластерлердің үлгісін пайдалана отырып, жоғары тиімді қатерлі ісік диагностикасымен және емдеумен одан әрі қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша Нұр-сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру бойынша жұмыс басталды, онда протонды, лазерлік және иммундық жасушалық терапия сияқты онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің барлық бірегей әлемдік технологиялары шоғырландырылатын болады.

- Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сапалы диагностиканың, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің және инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, елдегі денсаулық сақтауды дамытуға үлкен көңіл бөледі. Жыл сайын онкологиялық көмекті дамыту саласында кең халықаралық ынтымақтастықтың, жетістіктермен және озық технологиялармен алмасудың маңыздылығы артып келеді. Жетекші республикалық орталық - Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты халықаралық қатынастарды дамытуға айтарлықтай көңіл бөледі, әлемнің жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды, бұл еліміздің онкологиялық қызметі мамандарының кадрлық және ғылыми әлеуетін дамытуға айтарлықтай әсер етеді, - деп атап өтті А.Цой.

Министр Съезд барысында сындарлы диалог пен пікір алмасу ғана емес, онкологиялық аурулармен күресуге бағытталған нақты шешімдер әзірленетініне сенім білдірді.