Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің XXXIV отырысына қатысты. 2021 жылы Кеңестің Төрағасы Беларусь Республикасы болып табылады, ал 2022 жылы Қазақстан Республикасы болады. Отырыс барысында жаңа коронавирустық инфекцияға (COVID-19) қарсы вакцинация туралы сертификаттарды (құжаттарды) өзара тану мәселесі талқыланды.
- Бүгінгі күні ҚР азаматтарын вакцинациялау үшін вакциналардың 4 түрі қолданылады: «Спутник V», отандық «QazVac», «КоронаВак», «Синофарм» вакциналары және тағы 2 вакцина түрі тіркелген: «Спутник Лайт» және «Pfizer». Ағымдағы жылдың сәуір айының соңынан бастап біз COVID-19-ға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыратын отандық «QazVac» вакцинасын қолдана бастадық және қазіргі уақытта оны дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу жұмыстары жүргізілуде -, - деді Е.Қиясов.
COVID-10 таралуын бақылау мақсатында ҚР-да вакцинацияның электрондық паспорты әзірленіп, енгізілді, ол Egov mobile мобильді қосымшасымен интеграцияланған. Қазақстандық электрондық вакцинация төлқұжатын 13 ел мойындады (Армения Республикасы, Аргентина, Беларусь Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Венгрия, Таиланд, Моңғолия, Грузия, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Түркия Республикасы, Сан-Марино Республикасы және Эстония Республикасы).
Бүгінгі таңда басқа елдермен вакцинациялау паспорттарын өзара тану мәселесі пысықталуда. Осыған байланысты, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Беларусь Республикасының КВИ-ға қарсы вакцинация сертификаттарын өзара тану туралы ұсынысын қолдады.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар пікір алмасып, Денсаулық сақтау саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан ТМД-ның 30 жылдығы мәселесін талқылады, Беларусь Республикасының кеңестегі төрағалығын қорытындылады. Сондай-ақ, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге психологиялық-психиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі өзара іс-қимыл мәселелері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инфекциялық аурулардың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарының орындалу барысы және т. б. мәселелер көтерілді.
Отырыс барысында Кеңестің 2022 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспары қабылданып, Қазақстан Республикасының Кеңесінде төрағалық ету берілді.