Қазақстанда «Спутник Лайт» ресейлік вакцинасы тіркелді

Қазақстанда «Спутник Лайт» ресейлік вакцинасы тіркелді

2021 жылғы 12 шілдеде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті (бұдан әрі – Комитет) «Спутник Лайт» ресейлік вакцинасына уақытша тіркеу куәлігін берді.

«Спутник Лайт» Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуын және таралуын болдырмау жөніндегі Ведомствоаралық комиссия мәжілісі хаттамасының және ҚР Үкіметінің «COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының оң нәтижелі қорытындысы негізінде тіркелді. 

Вакцина өтінім беруші-өндірушінің елінде тіркелген, сонымен қатар вакцинаны өндірушінің өндіріс алаңы GMP талаптарына сәйкес келеді.

Комитет уақытша тіркеу куәлігін 8 ай мерзімге берді.

«Спутник Лайт» - бұл SARS-CoV-2 вирусы тудыратын коронавирустық инфекция профилактикасына арналған векторлық вакцина, бұлшықет ішіне енгізуге арналған 0,5 мл/доза ерітінді, өндірушісі - Ресей Федерациясы.   

Вакцина «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті (26 серотипті адамның рекомбинантты аденовирусы (rАd26)) болып табылады.

«Спутник Лайт» тиімділік көрсеткішінің  иммунизация алудан кейін 28-ші күннен бастап 79,4% құрайтынын атап өтеміз.  

«Спутник Лайт» иммунизациясынан кейін күрделі жағымсыз реакциялардың тіркелмегенін атап көрсетуге болады.

Бүгінгі таңда бұл – Қазақстанда қолдануға мақұлданған осымен бесінші вакцина.

Бұрын елде қоланылатын вакциналар тізбесіне  «QazVac», «Спутник V», «Hayat-Vax» және «СоronaVac» енгізілген.