16 маусымда Елбасы кітапханасында келе жатқан Медицина қызметкерлері күніне орайластырылған іс-шара өтті.
«Адам жанының арашасы» кездесуіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Ақшолақов, «University Medical Center» КҚ басқарма төрағасы Юрий Пя, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лариса Павловец, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы директорының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Мейрам Баубеков, Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді қалалық ауруханасының директоры Жұлдыз Данбаева, «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов, ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ филиалының бөлім жетекшісі – жедел медициналық көмек бөлімінің дәрігері Гүлжауһар Сералиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, республиканың денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері қатысты.
– Тәуелсіздік жылдарында елімізде денсаулық сақтау саласының заманауи және тиімді жүйесі қалыптасты. Заманауи медицинаның негізгі бағыттарын біріктіретін медициналық кластерді құру – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған ауқымды жоба болды. Бұл қазіргі заманғы ғылымның жетістіктерін енгізуге, ауруханаларды басқарудың халықаралық принциптерін, диагностика мен емнің халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлемге белгілі университеттер мен клиникалармен бірлескен ғылыми-инновациялық зерттеулер мен жобаларды жүргізуге мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласында ұлт денсаулығының мемлекет саясаты мен ұлттық қауіпсіздіктің негізгі басымдығы, елдегі молшылықтың қажетті шарты екенін атап өткен болатын. Үстіміздегі жылдың сәуір айында денсаулық сақтау қызметкерлерін Дүниежүзілік денсаулық күнімен құттықтаған Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімді және тиімді тетіктерін құру – ұлттық басымдық екенін атап өтті, - деп Бақытжан Темірболат жиын қатысушыларын кәсіби мерекемен құттықтады.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов дәрігерлер қауымын құттықтап, денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларға тоқталды:
– Былтыр денсаулық сақтауға арналған қаржыландыру көлемі 600 млрд. теңгеге ұлғайып 1,9 трлн. теңгені құрады. Медицина саласына инвестиция көлемі екі есеге жуық артып 302,5 млрд. теңгеге жетті (жоспар 178 млрд.тг. болатын). Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы күрестің тиімді жүйесі толық қалыптасты. ... Бұл жұмыстың нәтижесінде мыңдаған адамның өмірі құтқарылды. Жалпы, пандемия кезінде 380 мыңнан астам адам емделіп, коронавирустық инфекциядан айыққан, - деді ол.
Құттықтауға қосылған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус пандемиясының денсаулық сақтау жүйесі мен адами құндылықтарға ден қойғыздырғанын атап өтті:
– Қазақстан дәрігерлері бүгінгі ахуалға тез бейімделіп, халықаралық тәжірибені қолданысқа енгізу арқылы белгісіз дертке төтеп бере алды... Осы орайда олардың еңбекақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе өсті. Мемлекет басшысы ЖІӨ-нің 5%-ы денсаулық сақтау жүйесіне бағытталуы тиіс екенін белгіледі. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай... Негізгісі – шалғай жерлердегі денсаулық сақтау саласына баса көңіл бөлінбек. Қазақстанның барлық аймақтарында бірегей көпсалалы клиникалар тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл міндеттер арқылы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіре алатынмызға сенемін, - деді ол.
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов бүгінгі медицина саласының жетістіктері мен инновациялық технологияларын тілге тиек етті.
– Бүгінгі кездесуді медицина қызметкерлерін ұлықтау шарасы деп атасам, артық етпес. Әлемді шарпыған пандемия тұсында адамзат өмірі үшін күресіп жатқан мамандар мұндай іс-шараларға зәру. Олардың адал еңбегін бағалап, тағзым етіп жатқан ұйымдастырушыларға шын көңілден үлкен ризашылығымды білдіргім келеді, - деді ол.
– Медицина қызметкерлері күнінің мәні мен маңыздылығы уақыт өткен сайын артып келеді. Қазіргі кезеңнің отандық дәрігерлерге қойған талабы жоғары екенін мойындау керек. Бұл талаптардың қатарына еңбекке адалдық пен білімді дамытуға деген құштарлық жатады. Дәрігерлер күнделікті адамзат өмірі үшін күресіп, денсаулықты аман алып қалуда орасан іс атқарады. Науқастарға үміт сәулесін сыйлап, дертті емдеу арқылы адамның кеудесін қуанышқа, бойын қайратқа кенелтетін бұл жандардың кәсіби мерекесі – мамандар алдында бас июдің тағы бір себебі, - деді «University Medical Center» КҚ басқармасының төрағасы Юрий Пя.
Іс-шараға Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының «Қамқорлық» оңалту орталығының директоры Раиса Қожамжарова, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов, Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының балалар кардиохирургі Беркін Тұрқұлов, 2016 жылы Ақтөбедегі террактта қару-жарақ дүкенін сатушысының өмірімін аман алып қалған «Дару клиникасы» оңалту медициналық орталығының мейірбикесі Стелла Молдиманова онлайн форматта қатысты.
Қатысушыларға Елбасы кітапханасы музейінің экспозицияларына экскурсия мен арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Анықтама: Қазақстанда 496 аурухана және 1955 амбулаториялық-емханалық мемлекеттік ұйымдар жұмыс істейді. Олар 207 мыңға жуық медициналық қызметкер мен 55 мыңға жуық дәрігерді қамтиды. Соңғы 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 5 жасқа өсті (2009 жылы – 68,3 жас, 2019 жылы – 73,2 жас). Өлім деңгейі 10 жыл ішінде 23%-ға төмендеп, ана өлімі 3 есе, нәресте өлімі 2,2 есе азайды. Бүгінде бірегей медициналық технологиялар «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ, «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ, «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ, «University Medical Center» КҚ, «Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы» АҚ, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ сияқты медициналық ұйымдарда іске асырылады. |