Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге бағытталған қажетті шараларды қабылдау үшін ана мен бала өлім-жітімі көрсеткіштерінің күн сайынғы мониторингін және талдауын жүзеге асырады.
Бірқатар өңірлерде көрсетілген көрсеткіштер бойынша қалыптасқан қолайсыз жағдайға байланысты Министрлік медициналық көмек көрсетуге, облыстар мен аудандарға барып әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешенін іске асыруға бағалау және талдау жүргізуде.
2021 жылғы 7-10 маусым аралығында ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың, Ұлттық ғылыми орталықтардың, медициналық жоғары оқу орындарының мамандары, жетекші бейінді мамандар мен денсаулық сақтауды ұйымдастырушылардың басшылығымен Атырау облысындағы жағдайға кешенді бағалау жүргізілді.
Жұмыс барысында Мақат, Қызылқоға, Жылой аудандарының ОАА, «Сағыз» ОДА, облыстық балалар ауруханасы, балалар үйі, Облыстық перинаталдық орталық, облыстық көпсалалы аурухана, қалалық перзентхана, барлық қалалық емханалардың медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, медициналық ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерін аралау, ауыр науқастарды бірлесіп тексеру және шұғыл көмек көрсетуге дайындық жұмыстарына аудит жүргізілді.
Бағалау нәтижелері бойынша негізгі төрт бағыт жөнінде - жаңа туған нәрестелерді реанимациялау, неонатология, профилактикалық скринингтер, ерте араласу, тиімді перинаталдық технологиялар бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету мақсатында тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.
Облыстың денсаулық сақтау және медициналық қоғамдастық басқармасы басшысының қатысуымен ана мен бала өлімін төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдау бойынша облыстық штаб өткізілді, онда сарапшылар бағалау нәтижелері мен орын алған проблемаларды ұсынды. Олардың ішінде - медицина қызметкерлерімен жеткіліксіз жасақталуы және олардың біліктілігі. Бұдан басқа, өңірде перинаталдық көмекті үйлестіру және оған жетекшілік ету, қызметтердің өзара іс-қимылы мен сабақтастығы, ерте дамуды жақсарту жөніндегі бағдарламаларды енгізу тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды.
Талқылау барысында М. Ембергенова медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейінің жеткіліксіздігін, бөлінген аудандарда анестезиологтардың, реаниматологтардың және акушер-гинекологтардың тапшылығы мәселелерін тез арада шешу қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ, медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылының нақты алгоритмдерін, жүкті әйелдер мен балаларды бағдарлауды әзірлеу ұсынылды. Денсаулық сақтау басқармасына өңірдегі жағдайды жақсарту үшін қысқа мерзімді іс-шаралар жоспарын әзірлеу бойынша ұсыныстар берілді.