ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой іссапармен Ташкентке барды

ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой іссапармен Ташкентке барды

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған ресми делегация құрамында Өзбекстан Республикасына барды.

Іссапар барысында тараптар фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты талқылады, бірқатар кездесу мен келіссөз өткізді, сондай-ақ Ташкент қаласындағы медициналық нысандардың жұмысымен танысты.

ҚР Үкіметінің делегациясы Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бехзод Мұсаевпен жүздесті, тараптар екі елдегі эпидемиологиялық жағдайды және COVID-19-ға қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шараларды сөз қылды.

Қазақстанда 2021 жылғы 1 ақпаннан коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинация басталды. 1 наурызда 21 136 адам «Спутник V» вакцинасының бірінші дозасын салдырды, ал 11 155 азамат екпенің екінші компонентін қабылдады, жағымсыз реакция тіркелген жоқ.

«Біз соңғы жылдары Өзбекстанда болып жатқан ауқымды өзгерістерге қарап қуанамыз. Ел басшылығы мен Өзбекстан Үкіметінің қарқынды саясатының арқасында қол жеткізілген денсаулық сақтау жүйесіндегі сәтті жетістіктерге қызығамыз және шынайы құрметке лайық», - деді Е.Тоғжанов кездесуде.
Қазақстан Өзбекстанмен денсаулық сақтау саласында тәжірибе, білім алмасуға және ынтымақтастық орнатуға дайын. Е.Тоғжанов өзбек әріптестерін Қазақстандағы жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсететін жетекші медициналық орталықтармен, медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектілеріндегі ақпараттық технология, сондай-ақ фармацевтикалық өндіріспен танысуға шақырды.
Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Абдухаким Хаджибаевпен келіссөздер барысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Өзбекстандағы фармацевтикалық кәсіпорда отандық QAZCOVID-IN вакцинасын шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

"Біз эпидемияға қарсы күресте серіктестікті жандандыруды, жедел жағдайда өзара тиімді іс-қимыл жасауды, сондай-ақ қазіргі эпидемиологиялық ахуал және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шараларға қатысты ақпарат алмасуды жолға қоюды ұсынамыз", - деді А.Цой.

Сонымен қатар, А.Цой денсаулық сақтаудың перспективалы салаларында, оның ішінде цифрлық технологиялар мен зияткерлік жүйе, медициналық білім беру мен ғылым, фармация, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және басқа да ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау мәселелері жөнінде бірлесіп келісім әзірлеу қажеттігін айтты.

Іссапардың алғашқы күні үкіметтік делегация мүшелері академик А.Вахидов атындағы республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталыққа барды. Мұнда жүрек және қан тамырлары, асқазан-ішек жолдары, бауыр және ұйқы безі, өкпе және медиастиналық органдар аурулары бар науқастарға жоғары білікті жалпы және мамандандырылған хирургиялық көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, олар 2020 жылы пандемиямен күресу үшін салынған Зангиотин ауданындағы №1 және №2 мамандандырылған жұқпалы аурулар ауруханаларының қызметімен танысты. Нысан бір уақытта 10 мың адам қабылдайды және COVID-19 шалдыққан науқастарды емдеуге, карантинге мұқтаж шетелден оралған Өзбекстан азаматтарын орналастыруға арналған. Сонымен қатар, делегация «Dentafill» ЖШҚ фармацевтикалық зауытын аралады.

Қосымша ақпарат: 2020 жылғы қарашада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы қабылданды, оған фармацевтика өнеркәсібі саласындағы өнеркәсіптік кооперация мәселелері енгізілді, атап айтқанда: Шымкент қаласында 2020-2022 жж. дәрілік және гигиеналық құралдар өндіретін зауыт салу; 2021 жылы Өзбекстан аумағында фармацевтикалық өнім шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру.