А. Цой Президентке Қазақстандағы COVID-19 бойынша жағдайды баяндады

А. Цой Президентке Қазақстандағы COVID-19 бойынша жағдайды баяндады

Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасындағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

COVID-19 шалдыққан 1 млн адамға шаққандағы жалпы әлемдік рейтингте Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-шы орында тұр. Өлім-жітім бойынша  97-орында, COVID-19 тест тапсырғандар саны бойынша - 69-орында, сауыққандар саны бойынша - 87-орында, ауыр жағдайлар саны бойынша - 50-орында.

Пандемия басталғаннан бері Қазақстанда 179 720 науқас COVID-19-ға   және 47 445 адам КВИ- шалдыққан. Науқастардың 87%  сауығып кетті. Инфекциялық стационарлардың 31%, реанимациялық төсектің 19% науқас бар.

«Министрлік күн сайын матрицаға сәйкес эпиджағдайды бағалап отыр. 26 қаңтарда мәлімет бойынша қызыл аймақта 8 өңір тұр: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы.

Жалпы республика бойынша қараша айынан  КВИ-ге шалдыққандар қатары көбейген, желтоқсанда қарашамен салыстырғанда 1,2 есе көп. Орташа өсу үрдісі қаңтар айында да сақталды. Мәселен, қаңтарда 24 247 КВИ жағдайы тіркелген. Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірде ауру саны артқан»,- деді А.Цой.

Қазақстанда 74 мыңнан астам дәрігер науқастарға көмек көрсетеді, оның шамамен 28 мыңы бейінді маман.  Жылжымалы медициналық кешендердің көмегімен ауыл халқына медициналық көмек қолжетімді, оның үстіне  2020 жылы аймақтарға 100 ЖМК таратылды. Сондай-ақ, 2020 жылы өңірлерге 1167  санитарлық автокөлік жеткізілді.  Инфекциялық стационарлар 5 мыңнан астам ӨЖЖ аппаратымен, шамамен 43 мың төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді. 15 инфекциялық стационар салынды, қайта бейінделген 3 нысанның жөндеу жұмысы аяқталды, 1 нысанның құрылысын ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр.

«Барлық өңірде жалпы сомасы 17 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры құрылды. Бірыңғай дистрибьютордың 4 хабында 10 млн. маска және 400 мың ЖҚҚ бойынша дәрілік заттардың екі айлық жаңартылатын қоры қалыптастырылды. Тестілеу қуаты тәулігіне 40 мыңнан 100 мыңға дейін артты», - деді министр.

Президенттің тапсырмасы бойынша 1 ақпаннан вакцинация науқаны басталады деп жоспарлануда. Вакцинация кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін 6 млн. қазақстандықты вакцинациялау жоспарлануда. Алғашқы кезеңдерде вакцинация КВИ-мен күресте алдыңғы шепте жүрген қызметкерге (медицина қызметкерлері, педагог және күш құрылымдарының қызметкерлері) беріледі. Қазір вакцинацияға дайындық жұмыстары аяқталуда.

Жүйелі есепке алу мақсатында вакцинациялаудың электрондық паспорты әзірленді. Вакцинация туралы деректер Министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізілетін болады. Бұдан басқа, пациент және медицина қызметкері ақпаратты m-gov мобильдік қосымшасында қолмен енгізу мүмкіндік бар.

А.Цой  сөз соңында вакцинацияны қосқанда, міндетті маска режимі, әлеуметтік арақашықтық  және шектеу шараларымен  эпидемиологиялық жағдай 2021 жылдың соңына дейін сақталатынын айтты.

«Індет наурыз айының соңында шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін тіркеледі деп күтілуде, ал  24 мың төсек орында науқас болуы мүмкін. Пессимистік сценарий бойынша тәулігіне 9 мың жағдай тіркеледі, ал 45 мың төсек орында пациент болуы мүмкін, яғни қатаң карантиндік шаралар енгізу қажет», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Вакцинацияның бірінші кезеңінде иммунитет қалыптасуға  уақыт беріледі және бір мезетте халықты жаппай вакцинациялау мүмкін емес. Кейіннен вакцинацияның әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әсер етеді.

(Суреттер akorda.kz сайтынан алынды)