А. Цой ҚР-дағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және жаппай вакцинациялау тәртібі туралы айтты

А. Цой ҚР-дағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және жаппай вакцинациялау тәртібі туралы айтты

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында Қазақстан Республикасындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. Ол сонымен қатар халықты коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинацияның кезеңдері туралы хабардар етті.

Пандемия басталғалы елімізде COVID-19 оң нәтижесімен 170 098 науқас және КВИ- бойынша 46 866 жағдай тіркелді. КВИ+ бар 154 449 науқас және КВИ-пен ауырған 34 656 науқас сауығып кетті. КВИ+ шалдыққан 2 423 адам, ал КВИ-қа ұшырасқан 542 азамат қайтыс болды. Оның ішінде соңғы тәулікте КВИ+ 999 жағдайы және КВИ-18 жағдайы тіркелді, оның 9-ы өліммен аяқталды.

«Министрлік күн сайын матрицаға сәйкес эпиджағдайға бағалау жүргізеді. Ағымдағы жылдың басынан бастап орташа тәуекел аймағынан жоғары тәуекел аймағына немесе сарыдан қызыл аймаққа 3 өңір – Қостанай, Павлодар облыстары және Нұр-сұлтан қаласы өтті. Төмен тәуекел аймағынан орташа тәуекел аймағына немесе жасыл аймақтан сары аймаққа 2 өңір: Алматы және Қарағанды облыстары көшті», - деді А.Цой.

Осылайша, 19 қаңтарда қызыл аймақта 6 өңір бар: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-сұлтан қаласы. 3 облыс сары аймақта: Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары. Қалған 8 өңір жасыл аймақта.

Жалпы республика бойынша қараша айынан бастап КВИ ауруының өсуі байқалады, қараша айында қазан айымен салыстырғанда ауру 4,5 есеге өссе, желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Орташа өсу үрдісі қаңтарда да сақталып отыр, бұл желтоқсан мен қаңтар айларында ұзақ мерекелер кезінде халықтың барлық алдын-алу шараларын сақтамауының салдары болып отыр. Мәселен, қаңтардың 19 күнінде КВИ-дің 14 625 жағдайы тіркелді. Аурушаңдықтың өсуі Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңірлерде байқалады.

«Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында мынадай жұмыстар жүргізілуде: 

- 2021 жылғы 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені (бұдан әрі - ҚФК) мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарлануда;

Ағымдағы жылғы 20 қаңтарда арнайы тәртіп бойынша сатып алуды жүргізу үшін бір жолғы әкелуге рұқсат беру және ҚР ДСМ-нің СК-Фармацияға хат жіберуі жоспарланып отыр, сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында ҚФК және СК-Фармация арасында жеткізуге шарт жасасу күтілуде, ал 27 қаңтарда вакциналарды ҚФК-дан Бірыңғай дистрибьютордың 4 хабына жеткізу жоспарланған. Ағымдағы жылғы 1 ақпанда – егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастау жоспарлануда», - деді министр.

Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап халықтың КВИ-ге қарсы вакцинациялауды бастау жоспарлануда. Вакцинация екпенің дайындалуына байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте контингенттер мынадай түрде бөлінген:

- I кезең – инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі (РҚТБ), медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК), ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері жатады – 100 000 адам - 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап;

- II кезең – жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының (АООО), жоғары оқу орындарының (ЖОО) педагогтары, ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлері – 150 мың адам – ағымдағы жылғы наурыздан бастап;

- III кезең – мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері (БМДМ) педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам - ағымдағы жылғы сәуірден бастап;

- IV кезең – Ішкі істер министрлігі (ІІМ), Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ), Қорғанысмині, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам - ағымдағы жылғы мамырдан бастап;

- V кезең – медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам ағымдағы жылғы маусымнан бастап;

- VI кезең – тәуекел тобындағы қалған контингент – 600 мың адам ағымдағы жылғы шілде айынан желтоқсанға дейін.

Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн.қазақстандыққа вакцина егу жоспарлануда.

«Жүйелі есепке алу мақсатында вакцинацияның электрондық паспорты әзірленді. Вакцинация жүргізу туралы деректер Министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізілетін болады. Веб-қосымшада пациент пен медицина қызметкерінің m-gov мобильді қосымшасында ақпаратты қолмен енгізу мүмкіндігі бар. Жүйе жаһандық ақпараттық жүйелермен интеграциялануға қабілетті және вакцинация алған барлық адамдарға талап етілетін жерде және еркін қозғалу үшін ақпарат беруге мүмкіндік береді», - деді А.Цой.

Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігінің болжау жөніндегі жұмыс тобы міндетті маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауды және күтілетін вакцинацияны қоса алғанда, қолданыстағы шектеу шаралары сақталған жағдайда 2021 жылдың соңына дейін эпиджағдайдың дамуына болжам жасады.

Жағдайлар осы жылдың наурыз айының соңында көп тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін күтілуде, ал төсек қорының барынша қамтылуы 24 мың орынға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, аталған сценарий кезінде қатаң карантиндік шараларды енгізу жоспарланып отырған жоқ.

Реалистік және пессимистік сценарийлер кезінде күн сайын тиісінше 6 және 9 мың жағдайға дейін тіркелуі мүмкін, ал төсек қорының қамтылуы 45 мың төсекке дейін жетеді, яғни КВИ-мен ауыратын науқастарға қолжетімді 52 мың төсектен аспайды, бірақ денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсірмеу және сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қатаң карантиндік шараларды енгізу қажет болады.

«Бірінші кезеңде 2 миллион адамды вакцинациялау эпидемияның дамуына оң әсер етеді, бұл вакцинациядан кейін иммунитетті дамыту үшін қажетті уақытпен, халықтың көп бөлігін бір уақытта вакцинациялаудың мүмкін еместігімен байланысты.

Біздің есептеуімізше, 2 миллион адамды вакцинациялау тіркелген жағдайлардың санын 40 мыңға азайтады. Тиісінше, вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлім-жітім азаяды және шектеу шаралары мен локдаунсыз қалыпты өмірге оралу ықтималдығы артады. Пандемия дамуының осы кезеңінде бүкіл әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама – вакцинация  екенін түсінді», - деп атап өтті А.Цой.

(Сурет https://primeminister.kz/ сайтынан алынды)