А.Цой - коронавирус инфекциясына байланысты эпиджағдай әлі де жақсы емес

А.Цой - коронавирус инфекциясына байланысты эпиджағдай әлі де жақсы емес

Әлемде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай әлі де қиын болып тұр. 220 елде 84 млн адам КВИ жұқтырған, оның 1 млн 840-ы қайтыс болды.

Ал Қазақстан қазір қаупі төмен жасыл аймақта тұр. Алайда, Атырау облысы аса қаупті - қызыл аймақта. Алты өңір: Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары сары аймақта. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі коронавирусқа қатысты эпиджағдай жайлы хабардар етті.

«Елімізде 156 943 науқас COVID-19 жұқтырған және 45 946 адамға КВИ- диагнозы қойылған. Пациенттердің 87% індеттен жазылып шыққан, ал маусым-шілде айында айыққандар қатары  60% аспайтын», -деді министр.

Биыл 3 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 18 608 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде  4 980 төсек-орында науқас жатыр. Реанимация бөлімшесіндегі пациент саны - 320, өткен аймен салыстырғанда 1,3 есеге артты (3 қарашаға -253).

Қосымша ақпарат: 54 науқастың жағдайы өте ауыр. ӨЖЖ-де 45 пациент бар, 1,4 есе артқан (3 қарашаға-31), 150 пациент өзі тыныс алуда.

Әуе қатынасы қалпына келтірілген елдерден келген адамдарға санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту үшін, сондай-ақ ЕАЭО елдерімен, Өзбекстан Республикасымен және т.б. автоөткел жолдарда карантиндік стационарлар дайын, онда 6 666 төсек-орын бар, республика бойынша 403 төсек-орында адам жатыр.

Оқу жылының басынан 3 972 оқушы КВИ жұқтырды, оның 1047-і кезекші сыныптарда оқитын бала, 2925-і қашықтықтан білім алады.

Күн сайын жаңа туған нәрестелер мен балалар арасында коронавирус инфекциясы жағдайына мониторинг жүргізіледі. 2020 жылдың сәуірінен бастап 2021 жылдың 2 қаңтарына дейін ҚР-да COVID-19 диагнозы расталған 7 492 бала тіркелген, оның ішінде 134 жаңа туылған бала (ПТР-тест нәтижесінде ауру анықталды). 6550 (87,4%) пациент жазылып шықты. Қазіргі уақытта COVID-19 анықталған балалар арасында жағдайы ауыры  және мультисистемалық қабыну синдромы бар науқас жоқ.

Министр өңірлерде карантиндік шаралардың сақталуы тұрақты бақылауда тұрғанын, талаптарды бұзушылар әлі де көп екенін айтты.  «Мысалы, мерекелік күндерде 31 желтоқсанннан бастап 804 рейд жүргізілді, 4 618 объекті қамтылды, оның ішінде 71 объекті талап бұзған, 65 әкімшілік айыппұл салынды», - деді А.Цой.

Карантин кезеңінде қызмет көрсетуге  тыйым салынған объектілер жұмыс істеген, шектеу режимі сақталмаған, адам көп жиналатын  шаралар өткізгендер бар.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі алдағы сайлау күні сайлау учаскесіне және  комиссия мүшелеріне, дауыс берушілерге қойылатын санитарлық талаптарды да еске салды.

«Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер алдағы сайлауға байланысты эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қаулы қабылдады, құжатта бірқатар талап қарастырылған», -деді министр.

Сайлау учаскесінде кіре берісте термометрмен келушілердің  температурасын өлшеу, сайлаушылардың жүру бағытын көрсететін белгілер қою, сайлау комиссиясы мүшелері  3 сағат сайын маска ауыстыруы тиіс, қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер болуы керек, жиһаз бен техникалық жабдықты бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру, кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтық сақтау, келушілердің дене температурасы көтерілген (37ºС жоғары) жағдайда, адамды оқшаулауға арналған жеке кабинет болуы қажет.

Сайлаушылар сайлау учаскесіне келгенде медициналық немесе қорғаныс маскасын және қолға арналған антисептикалық құралды пайдалануы керек. Үйде емделуіне байланысты  оқшаулау режиміндегі немесе коронавирус инфекциясына байланысты карантинде отырған дауыс берушілер сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы өтініш білдірген жағдайда сайлау комиссиясының мүшесіне хабарлауы тиіс.

Ал сайлау учаскелерінде тұрақты жұмыс істейтіндер, жоғары және орташа қауіпті аймақтардағы сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар мен сенімді  адамдар 5 қаңтар мен 9 қаңтар аралығында тексерілуі тиіс және ПТР-тест нәтижесі таза болуы қажет. СК мүшелері, бақылаушылар және сенімді адамдар тегін тексеріледі.

Министр сөз соңында ел азаматтарына эпидемиологиялық жағдайға жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын бұзбауға шақырды.

«Пандемия әлі де жалғасуда, өкінішке қарай вирусты толық жеңген жоқпыз, сондықтан жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өзгелерге індет жұқтырмау үшін, жұқтырып алмау үшін міндетті түрде маска киіңіздер, әлеуметтік арақашықтық пен гигиена талаптарын сақтаңыздар», - деді А.Цой.