Бүгін онлайн-форматта МСАК жөніндегі Астана Декларациясын нығайту бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмектің Операциялық механизмі ресми түрде іске қосылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ДДСҰ Бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директорының орынбасары Жужанна Якаб, ЮНИСЕФ-тің Атқарушы директоры Генриетта Фор, ДДСҰ Еуропалық өңірлік кеңсесінің директоры доктор Ханс Клюге және басқа да халықаралық ұйымдардың жетекші өкілдері қатысты.
Олар Денсаулық сақтау жүйесін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік беретін құралдарды талқылады.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және Қазақстанның медициналық-санитарлық алғашқы көмекті жаһандық деңгейде нығайту мәселесі жайлы үшжақты ынтымақтастығы осыдан 40 жыл бұрын Қазақ КСР астанасында басталып, Алматы декларациясы қабылданды. Ол қауымдастықтардың пациентке бағытталған, физикалық жағынан да, қаржылық жағынан да сапалы және қолжетімді медициналық-санитарлық алғашқы көмекті қамтамасыз ету стандартын белгіледі», - деді А. Цой.
2018 жылы қабылданған алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Астана декларациясы Алматы Декларациясының құндылықтарына бейімделген.
«Декларацияда мемлекеттер МСАК жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтуға және денсаулыққа байланысты мақсаттарға қол жеткізуге қажетті денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы екенін растады. Бұл екі Декларация да XXI ғасырда МСАК жүзеге асыру үшін өте маңызды», - деді Министр.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің Операциялық механизмі ДДСҰ қолдауымен әзірленді және 2020 жылғы қарашада Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ассамблеясының 73-сессиясында әлемнің 194 мемлекеті мақұлдады. Бұл құжат МСАК жөніндегі Астана декларациясын іске асыру жоспары және МСАК-ты нығайту үшін стратегиялық және операциялық деңгейдің бірнеше нұсқасын ұсынады.
«МСАК нығайтуға арналған Операциялық механизмді елдер құжат қабылданғаннан кейін де оны талқылауды жалғастыруға мүмкіндік береді», - деді А. Цой.
Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша МСАК ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан халқының қажеттіліктеріне және шетелдік практиканың озық жетістіктеріне жауап беретін МСАК-ты дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Атап айтқанда, амбулаториялық-емханалық көмектің қолжетімділігін жақсарту бойынша 2021-2023 жылдарға арналған шаралар кешенінің жобасы қалыптастырылуда. Ол елдің бүкіл халқын профилактикалық тексерулермен қамтуды, «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын ескере отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларына сәйкес кемінде 300 жаңа МСАК объектілерін ашуды, МСАК жұмысын халықтың медициналық қызметтер көрсету жөніндегі қажеттіліктеріне бағдарлауды қамтиды. Осы шараларды іске асыру үшін МСАК-ты қаржыландыруды 60% дейін ұлғайту көзделген.
Бұдан басқа, МСАК дамыту шеңберінде электрондық рецептілер мен анықтамалар беру, сондай-ақ дәрілік заттарды жоспарлауды автоматтандыру көзделетін болады.
«Қазақстанның МСАК отаны ретінде халықаралық деңгейде танылуына қарамастан, елде алғашқы медициналық ұйымдарда нормативтік-құқықтық, әдіснамалық көмекті үйлестіру және көрсету жөніндегі басты ұйым жоқ. Осы міндетті шешу үшін республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының базасында, өңірлік филиалдармен үздік емханалар базасында МСАК орталығын құруды жоспарлап отырмыз. МСАК орталығы үздік әлемдік тәжірибені елге тарату және ДДСҰ-ға мүше 53 елде МСАК бойынша Астана декларациясының идеяларын ілгерілету үшін ДДСҰ-ның Географиялық қашық орналасқан МСАК офисімен (Алматы қ.) тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасайтын болады», - деді А. Цой.
Осылайша, ұсынылған шаралар Қазақстанда медициналық көмек көрсетудің қазіргі заманғы сын-қатерлеріне жауап беретін МСАК прогрессивті қызметін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанға ДДСҰ Еуропалық өңірлік кеңсесінің директоры – доктор Ханс Клюге Операциялық механизмді әзірлеуге белсенді көмек көрсетті. Ол құжат әлемде МСАК дамытуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Іс-шара шеңберінде дөңгелек үстелдер өтті, барысында МСАК жөніндегі Операциялық механизмнің тетіктері, сондай-ақ COVID-19 пандемиясынан алынған сабақтар және тиімді қалпына келтіру жолдары талқыланды.
ДДСҰ бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус және халықаралық ұйымдардың басқа да өкілдері Қазақстанның МСАК-ты дамытуға қосқан бастамалары мен үлесін жоғары бағалады.