
Қазақстанда өкпе ауруларын ерте анықтау мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Еліміздің тоғыз өңірінде 400-ден астам медицина қызметкері спирометрия жүргізу бойынша практикалық оқудан өтті. Бұл зерттеу тыныс алу қызметінің бұзылыстарын ерте кезеңде анықтап, емдеуді уақтылы бастауға мүмкіндік береді.
Оқыту жұмыстары 14 қазанда атап өтілетін Дүниежүзілік спирометрия күні мен Өкпе саулығы күні қарсаңында ұйымдастырылды.
Спирометрия өкпенің жұмысын бағалауға және бронх демікпесі мен өкпенің созылмалы обструкциялық ауруына (ӨСОА) тән бұзылыстарды анықтауға көмектеседі. Ауруды дер кезінде диагностикалау қажетті емді тағайындауға және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Мастер-кластар барысында медицина қызметкерлері зерттеудің заманауи әдістерін меңгеріп, нәтижелерді түсіндіру қағидаларын үйренді және күрделі клиникалық жағдайларды талдады. Оқыту жұмыстары бейінді мамандардың қатысуымен тікелей өңірлерде өткізілді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – Ұлттық респираторлық медицина қоғамы және «Астана» медицина университетінің Респираторлық медицина ғылыми-зерттеу институты.
Ауруларды ерте диагностикалау және медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыру медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартудың маңызды шарттары болып табылады. Негізгі мақсат – ауруларды уақтылы анықтау, асқынулардың алдын алу және азаматтардың денсаулығын сақтау болып табылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ уақытқа созылған жөтел, ентігу немесе тыныс алудың қиындауы байқалған жағдайда дәрігерге уақтылы қаралу қажеттігін еске салады. Қажет болған жағдайда маман спирометрия және басқа да диагностикалық зерттеулерді тағайындайды.