ҚАЗАҚСТАНДА АҒЗАНЫ ТРАНСПЛАНТАТТАУ АРТЫП, ЖЫЛЫНА 310 ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА АҒЗАНЫ ТРАНСПЛАНТАТТАУ АРТЫП, ЖЫЛЫНА 310 ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛАДЫ


 Бүгін, 9 қазанда, ағзалар, тіндер мен жасушалар донорлығының Еуропалық күніне орай Қазақстанда ағза донорлығы мен трансплантаттау жүйесін дамыту қорытындылары жарияланды.

 Биыл ағзалар, тіндер мен жасушалар донорлығының Еуропалық күні 8–10 қазан аралығында Sharing lives – «Өмір сыйлау» ұранымен өтуде. Бұл бастама трансплантаттау өмірін жалғастырудың жалғыз мүмкіндігі болуы ықтимал адамдар үшін донорлықтың маңызын еске салады.

Соңғы жылдардың ішінде елімізде трансплантаттау операцияларының саны артып, мамандандырылған инфрақұрылым кеңейіп келеді. Сонымен қатар азаматтардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа деген қызығушылығы да біртіндеп артуда. Дегенмен өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген мыңдаған пациент бар.

Қазіргі таңда Қазақстанда 11 трансплантаттау орталығы мен HLA-типтеу жүргізетін 5 зертхана жұмыс істейді. Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қызмет атқарады. Сондай-ақ өңірлік және стационарлық трансплантаттауды үйлестірушілердің желісі қалыптастырылған.

 Трансплантаттау операцияларының саны осы бағыттың даму қарқынын көрсетеді:

* 2023 жылы – 236 трансплантаттау;
* 2024 жылы – 260;
* 2025 жылы – 310;
* 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында – 208 операция.



Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытуға ерекше мән беріледі. Осындай донорлардан алынған ағзаларды пайдалану арқылы жасалған трансплантаттаудың саны 2024 жылғы 23 операциядан 2025 жылы 68-ге дейін өсті. Ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 42 осындай операция жасалды.

Бұл көрсеткіштер трансплантациялық көмектің мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Алайда жүйені одан әрі дамыту медициналық технологиялар мен инфрақұрылымға ғана емес, донорлық ағзалардың қолжетімділігіне де байланысты.

2026 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, трансплантаттауды күту парағында 4 867 пациент, оның ішінде 126-сы – бала тіркелген. 4,2 мыңнан астам адам бүйрек трансплантаттауын күтуде. Өзге пациенттерге бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантаттауы қажет.



Әрбір цифрдың артында өмірін жалғастыруға, отбасымен бірге болуға және болашаққа жоспар құруға үміттенген адамның тағдыры тұр.

Сондықтан ағза донорлығын дамыту – медициналық міндет қана емес. Бұл қоғамның хабардар болуына, жүйеге деген сенімге және әр адамның өз ұстанымын саналы түрде айқындау мүмкіндігіне де байланысты.

Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз еркін медициналық ұйымдар арқылы немесе eGov порталының көмегімен білдіре алады. Азаматтар келісімін немесе бас тартуын тіркей алады, сондай-ақ шешімінің қай ағзаларға қатысты екенін нақтылауға құқылы. Қажет болған жағдайда өз шешімін өзгертуге де болады.

 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша eGov порталы арқылы 184 191 ерік білдіру тіркелген. Оның ішінде 17 158 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген, ал 167 033 адам бас тартқан.

 Ұсынылған мәліметтерге сәйкес бір жылдың ішінде донорлыққа келісім берген азаматтардың саны 75%-ға, ал тіркелген ерік білдірулердің жалпы саны 31%-ға артқан.

 Шешімдер ерікті түрде, нақты әрі сенімді ақпаратқа сүйене отырып, донорлық жүйенің қалай жұмыс істейтінін және қандай құқықтық кепілдіктер қарастырылғанын түсіну негізінде қабылдануы маңызды.