ТАЙЫНША КӨПБЕЙІНДІ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

ТАЙЫНША КӨПБЕЙІНДІ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасында стационар ғимаратының ауқымды реконструкциядан кейінгі бірінші қабатындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Заманауи триаж жүйесін енгізу арқылы қабылдау бөлімін жаңғырту жобасы Мемлекеттік арнайы қор қаражаты есебінен іске асырылды. Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1 176 млн теңгені құрады, оның 296,6 млн теңгесі 2025 жылы игерілді. Бүгінде құрылыс-монтаждау, әрлеу және іске қосу-баптау жұмыстарының барлық кешені толық аяқталды.

Реконструкция шеңберінде аурухананың екі корпусында құрылыс-әрлеу және инженерлік жұмыстардың толық кешені жүргізілді. Атап айтқанда, сылақ, плитка жабындары, едендер мен төбелер жаңартылып, электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері ауыстырылды.

Нысанға қажетті медициналық және әлсіз токты жабдықтар жеткізіліп, монтаждалды. Медициналық газдарды орталықтандырылған беру жүйесі пайдалануға берілді. Сондай-ақ заманауи кіруді бақылау жүйесі (ЗКБЖ), құрылымдалған кабельдік желілер (ҚКЖ), күзет және өрт дабылы жүйелері іске қосылды.

Жаңартылған қабылдау бөлімінің басты жаңалығы – пациенттер ағынын олардың жағдайының ауырлық дәрежесіне қарай тиімді бөлуге мүмкіндік беретін заманауи триаж жүйесінің енгізілуі. Бұл аудан тұрғындарына шұғыл және жедел медициналық көмек көрсету жылдамдығы мен сапасын едәуір арттыруға, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жұмысына қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстары шеңберінде мекеменің автопаркі де толықтырылды. Ауруханаға 12 жаңа жедел медициналық жәрдем көлігі берілді. Оның 11-і жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ауылдық елді мекендерге жіберілді, ал 1 көлік аудандық ауруханада шақыртуларға қызмет көрсету үшін қалдырылды.