ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: АНА ӨЛІМІ 13%-ҒА ТӨМЕНДЕДІ, ӨҢІРЛЕРГЕ ҚАУІП ТОПТАРЫМЕН ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: АНА ӨЛІМІ 13%-ҒА ТӨМЕНДЕДІ, ӨҢІРЛЕРГЕ ҚАУІП ТОПТАРЫМЕН ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

 

Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысының, әкімдердің орынбасарларының, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен бейінді республикалық орталықтардың басшыларының қатысуымен ана мен нәресте өлімі жағдайларын талдау бойынша кеңес өтті.

Қазақстанда жыл басынан бері ана өлімі 13%-ға төмендеді, ал сегіз айда бір жасқа дейінгі балалардың арасындағы өлім жағдайларының саны 115 жағдайға азайды.

Әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге қызметтің кадрлық әлеуетін күшейтуді, жүктілікке дейінгі дайындықты, антенаталдық бақылауды және сыни жағдайларға дайындықты күшейтуді, сондай-ақ жергілікті жерлердегі патронаж қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды.

«Біз мәселе сыни жағдайға жеткен кезде ғана анықталмауы тиіс. Қауіптер жүктілікке дейін және оны жүргізудің әр кезеңінде анықталуы қажет. Әрбір жүкті әйелдің, әсіресе жоғары қауіп тобындағы әйелдің медициналық маршруты нақты болуы керек: оны кім бақылайды, қандай тексерулерден өтті, қандай мамандар тартылды және оны қайда уақтылы жіберу қажет. Ана мен нәресте өліміне қатысты мәселелер күнделікті жеке бақылауда болуы тиіс», – деді Ақмарал Әлназарова өңірлерге.

Министр медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету деңгейіндегі жұмыстың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Өйткені дәл осы деңгейде жүктіліктің асқынуына әкелуі мүмкін аурулар мен қауіп факторлары уақтылы анықталуы тиіс.

Басым бағыттардың бірі – перзентханалар мен балалар ауруханаларын кадрлармен қамтамасыз етуді күшейту. Өңірлерге екі аптаның ішінде акушер-гинекологтарға, неонатологтарға, балалар реаниматологтарына және патронаждық медицина мейіргерлеріне қажеттілікті айқындап, қолданыстағы әлеуметтік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, мамандарды тарту жөніндегі шараларды қарастыру тапсырылды.

Перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларындағы инфекциялық қауіпсіздікке, санитариялық талаптардың сақталуына және медициналық ұйымдардың шұғыл көмек көрсетуге дайындығына ерекше назар аударылатын болады.

Жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және қауіп топтарындағы балаларға медициналық сүйемелдеу сапасын арттыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі емханалардың жұмысын мониторингтеуге арналған негізгі көрсеткіштерді цифрлық бақылау мүмкіндігі бар бірыңғай чек-парақтарды әзірлеуде.

Нәресте өлімін одан әрі төмендету үшін өңірлерге жаңа туған нәрестелерге патронаж жүргізуді күшейту және бейінді медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Республикалық ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындары мамандардың өңірлерге шығуын, күрделі жағдайларды сүйемелдеуді және медицина қызметкерлерін оқытуды қоса алғанда, өңірлерге практикалық көмекті кеңейтеді.

Кеңес қорытындысы бойынша министр барлық өңірлерге екі аптаның ішінде ана мен бала денсаулығын сақтау қызметтерін нығайту жөніндегі нақты жоспарларды бекітуді тапсырды.

«Бізге формалды құжат емес, кадрлармен қамтамасыз ету, босандыру көмегін көрсету, балалар қызметі және патронаж бойынша нақты іс-қимыл жоспары қажет. Әрбір өңір өзінің проблемалық тұстарын анық біліп, оларды жою бойынша шаралар қабылдауы тиіс», – деп қорытындылады министр.