
Қазақстандықтарға дәрілік заттарды қауіпсіз сатып алу, олардың түпнұсқалығын тексеру және қандай жағдайларда препараттар мемлекеттің есебінен берілетіні туралы түсіндірілді.
Дәрілік затты сатып алар алдында Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше негізгі мәселеге назар аударуды ұсынады: препарат Қазақстанда тіркелген болуы, қаптамасы бүтін, жарамдылық мерзімі өтіп кетпеген және сақтау шарттары белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Сондай-ақ қаптамадан препараттың атауын, дозасын, дәрілік түрін және таңбалануын тексеру қажет. Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болуы тиіс.
Дәрілік заттың тіркелгенін Мемлекеттік дәрілік заттар тізілімі — register.ndda.kz арқылы тексеруге болады. Препараттың түпнұсқалығын және оның таңбалау жүйесіндегі мәртебесін DariKz және Naqty Onim қосымшалары арқылы қосымша тексеруге болады.
Дәрілік заттарды тек оларды сатуға құқығы бар дәріханалардан және басқа да тиісті орындардан сатып алу ұсынылады. Әлеуметтік желілер, хабарландырулар және белгісіз интернет-сайттар арқылы дәрі-дәрмек сатып алғанда аса сақ болған жөн.