ЮНИСЕФ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИММУНДАУ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ОҢ ТӘЖІРИБЕСІН АТАП ӨТТІ

ЮНИСЕФ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИММУНДАУ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ОҢ ТӘЖІРИБЕСІН АТАП ӨТТІ

 

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалар жөніндегі директордың орынбасары Эфрем Текле Лемангомен кездесу өткізді, оның барысында тараптар балалардың денсаулығын сақтау және иммунопрофилактика саласындағы бірлескен жұмыстың нәтижелері мен одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.

Министр халықаралық ұйыммен өзара әріптестік шеңберінде соңғы екі жылдың ішінде қол жеткізілген негізгі нәтижелерге ерекше тоқталды.
«Әмбебап-прогрессивті патронаж моделін енгізу балалардың үй жағдайындағы өлімін 22%-ға төмендетуге, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік берді. Жалпы, соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстанда вакцинациялау жүргізілетін инфекциялар тізбесі кезең-кезеңімен кеңейтілді. Ұлттық егу күнтізбесіне қызамыққа, b типті гемофильдік инфекцияға және пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау енгізілді. Ал 2024 жылдан бастап қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жүргізіледі», – деді ведомство басшысы кездесу барысында.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер шеңберінде 21 инфекцияға қарсы вакцинациялау жүргізіледі. Жыл сайын шамамен 5 млн адам, оның ішінде 1,3 млн-ға жуық бала вакцинацияланады.

Ұлттық иммундау бағдарламасын іске асыру нәтижесінде эпидемиялық паротит пен В вирустық гепатитімен сырқаттанушылық 90 еседен астам, ал А вирустық гепатитімен сырқаттанушылық 80 еседен астам төмендеді. Министрдің айтуынша, сіреспе мен қызамық елде жекелеген жағдайлар түрінде ғана тіркеледі.
Халықаралық ұйым сондай-ақ Қазақстанға вакциналарды жоспарлау және сатып алу жүйесін жетілдіру, коммуникацияларды дамыту және медицина қызметкерлерін даярлау бағыттарында техникалық қолдау көрсетеді.

«Біз ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Бүгінде 10 вакцинаның 7-еуі сіздердің ұйымдарыңыз арқылы сатып алынады. Біз үшін вакциналардың қолжетімділігін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар иммундау жүйесінің өзін жоспарлау мен сатып алудан бастап, сақтау, цифрлық есепке алу, мамандарды даярлау және халықпен жұмыс істеуге дейінгі барлық кезеңдер бойынша орнықты ету маңызды. Түптеп келгенде, әңгіме әр баланың денсаулығын уақтылы сақтау туралы болып отыр», – деп атап өтті министр.

Өз кезегінде доктор Эфрем Текле Леманго Қазақстанның оң тәжірибесін бүкіл өңір үшін үлгі ретінде атап өтті. Атап айтқанда, нәресте өлімін төмендету, туберкулезбен күресу, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында тиімді патронажды енгізу, ерте араласу орталықтарын ашу және вакцинациялау саласын цифрландыру бағыттары атап өтілді.

Тараптар иммундау, балалардың денсаулығын сақтау, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттыру мәселелері бойынша одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екендерін растады.

Қазақстан мен ЮНИСЕФ арасындағы ынтымақтастық денсаулық сақтау, қауіпсіздік, білім беру және балалардың әл-ауқаты мәселелерін қамтитын 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасын іске асыру шеңберінде де дамып келеді.