
Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында психикалық денсаулық саласындағы көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты күшейтуде. Министрлік мамандары өңірдегі бейінді қызметтердің жұмысын бағалап, оларды одан әрі жетілдіру жөніндегі шараларды айқындады.
2026 жылғы 16–18 қыркүйек аралығында Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында мониторинг жүргізілді. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева және Алматы қаласы Психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Нәби Есімов қатысты.
Мамандар медициналық көмекті ұйымдастыруды, диагностика мен емдеу сапасын, сондай-ақ пациенттермен жұмыс барысында белгіленген талаптардың сақталуын бағалады.
Сонымен қатар, олар Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы алғашқы психикалық денсаулық орталықтарына, Мұнайлы ауданындағы психикалық денсаулық кабинетіне, сондай-ақ биылғы жылдың ақпан айынан бастап осы ауданда жұмыс істеп келе жатқан Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына барды.
Мониторинг қорытындысы бойынша өңірлік қызметке медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыру бойынша ұсынымдар берілді.
Бүгінде Маңғыстау облысында бейінді қызметтің динамикалық бақылауында 9 966 адам бар, оның ішінде 2 549-ы – балалар мен жасөспірімдер.
Басты басымдықтар қатарында психикалық денсаулық бұзылыстарын ерте анықтау, уақтылы көмек көрсету және тұрғылықты жері бойынша психикалық денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін дамыту бағыттары сақталуда.