ӨНДІРУШІЛЕРДЕН ТІКЕЛЕЙ САТЫП АЛУ: ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫ ҚАЛАЙ ТӨМЕНДЕТІЛУДЕ

ӨНДІРУШІЛЕРДЕН ТІКЕЛЕЙ САТЫП АЛУ: ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫ ҚАЛАЙ ТӨМЕНДЕТІЛУДЕ

 

Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілерден тікелей сатып алу практикасы кеңейіп келеді. Бұл 2026 жылғы сатып алу науқаны барысында жалпы көлемі 70 млрд теңге экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Шамамен 25 млрд теңге үнем отандық және шетелдік өндірушілермен тікелей келісімшарттар көлемін ұлғайтудың есебінен қамтамасыз етілді. Соңғы үш жылдың ішінде тікелей сатып алу көлемі 187%-ға өсті.

Делдал буындарды алып тастау, фармацевтикалық компаниялармен келіссөздер жүргізу, халықаралық сатып алулар және бәсекелестік рәсімдер сатып алу бағаларын төмендетуге әрі мемлекеттік қаражатты неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар баға белгілеу жүйесі де жетілдірілуде. Атап айтқанда, өндіруші бағасын тіркеуге бірыңғай тәсіл, халықаралық референттік баға белгілеу және негізсіз үстеме бағаларды болдырмауға бағытталған басқа да тетіктер енгізілді.

Осылайша, биылғы сатып алу науқанының қорытындысы бойынша бірқатар дәрілік препараттардың бағасы бірнеше есеге төмендеді, ал баға белгілеудің жаңа тетігінің нәтижесінде жалпы үнемдеу шамамен 36,2 млрд теңгені құрады.

2025 жылдан бастап баға ұсыныстарын тікелей зауыт-өндірушілерден сұрату тетігі қолданылады. Бұл 400-ден астам атаудағы дәрілік заттарды өндірушілерден тікелей сатып алуға мүмкіндік береді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша отандық өндірістің 66 атаудағы дәрілік заттары бойынша 10 млрд теңгеден астам үнем қамтамасыз етілді.

Жеке бағыттың бірі – препараттарды БҰҰ жүйесінің халықаралық ұйымдары — БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және СТОП TБ арқылы сатып алу. Мұндай сатып алулардың көлемін ұлғайтудың есебінен шамамен 17 млрд теңге үнемделді.

Халықаралық тетіктерді пайдалану сатып алуды шоғырландыру және халықаралық жеткізушілермен тікелей өзара іс-қимыл жасау есебінен неғұрлым тиімді баға шарттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл қазірдің өзінде қымбат тұратын дәрілік препараттарды сатып алу кезінде қолданылуда.

Қосымша тиімділікке әлеуетті өнім берушілер баға бойынша өзара бәсекелесетін аукциондық рәсімдер арқылы қол жеткізілуде. Аукциондар өткізудің нәтижесінде тағы 15 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді.

Осылайша, сатып алу құнын төмендету бірден бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады: өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасау, бағаны төмендету жөніндегі келіссөздер жүргізу, халықаралық сатып алулар және бәсекелестік рәсімдер.
Мемлекеттік сатып алулар кезіндегі үнемдеу дәрілік заттармен қамтамасыз ету көлемінің қысқаруын білдірмейді.

Босаған қаражат дәрілік препараттардың қосымша көлемін сатып алуға және пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.

2025 жылғы сатып алу науқанының қорытындысы бойынша үнемделген 70,5 млрд теңге қосымша дәрілік қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл, оның ішінде, онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және аутоиммундық ауруларды емдеуге арналған жеті инновациялық дәрілік затты тегін берілетін препараттар тізбесіне енгізуге мүмкіндік берді.