Қазақстан мен Израиль дәрігерлерді оқыту және медициналық технологияларды енгізудің жаңа мүмкіндіктерін талқылады

Қазақстан мен Израиль дәрігерлерді оқыту және медициналық технологияларды енгізудің жаңа мүмкіндіктерін талқылады


Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Израильдің Berman Group компаниясының өкілдері медициналық кадрларды даярлау, мастер-кластар өткізу және заманауи медициналық технологияларды енгізу бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың Berman Group директоры Марк Берманмен кездесуі өтті.

Тараптар қазақстандық медицина мамандарының алған білімдерін отандық клиникаларда кейіннен қолдана отырып, тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.

Перспективалық бағыттардың бірі ретінде Қазақстанда медициналық ұйымдардың базасында израильдік мамандардың қатысуымен мастер-кластар өткізу ұсынылды. Мұндай формат дәрігерлерге заманауи тәсілдер мен технологияларды практикалық жұмыс барысында меңгеруге мүмкіндік береді.

«Біз үшін халықаралық ынтымақтастықтың нақты практикалық нәтижеге бағытталуы маңызды. Алынған білім мен технологиялар біздің медициналық ұйымдарда қолданылып, түптеп келгенде пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс», – деп атап өтті Манас Рамазанов.

Медициналық білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, оның ішінде мамандар даярлау, кәсіби тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.