
Қазақстан медицинасының күндері шеңберінде А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары Бішкек қаласындағы Қ. Рысқұлова атындағы Бірінші қалалық клиникалық аурухананың базасында бірқатар бірлескен күрделі операция жасады. Ерекше назар операцияларды шағын тіліктер арқылы жүргізуге мүмкіндік беретін технологияларға аударылды. Бұл хирургиялық араласудың жарақаттылығын азайтып, пациенттердің неғұрлым жылдам қалпына келуіне жағдай жасайды. Операциялармен қатар қазақстандық дәрігерлер білім беру дәрістері мен мастер-кластар өткізіп, ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Сондай-ақ әріптестерімен пациенттерді қадағалап-қарау бойынша практикалық тәжірибе алмасты. Кәсіби тәжірибе алмасудың тағы бір алаңы Бішкек қаласындағы Ұлттық онкология және гематология орталығы болды. Мұнда «Асқазан-ішек жолындағы ісіктерді диагностикалау және емдеудегі заманауи эндоскопиялық шешімдер» тақырыбында халықаралық мастер-кластар өтті. Қазақстан мен Қырғызстан мамандары асқазан-ішек жолы ауруларын эндоскопиялық диагностикалау мен аз инвазивті емдеудің заманауи мүмкіндіктерін, оның ішінде жаңа технологияларды практикалық қолдану мәселелерін қарастырды. Қырғыз Республикасындағы Қазақстан медицинасының күндері, ең алдымен, тәжірибе алмасуға бағытталған. Екі елдің мамандары пациенттермен бірлесіп жұмыс істеп, операциялар жүргізіп, заманауи медициналық технологияларды меңгеруде.