ҚАЗАҚСТАННЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ АЛҒАШҚЫ КОНГРЕСІНЕ 700-ДЕН АСТАМ МАМАН ҚАТЫСТЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ АЛҒАШҚЫ КОНГРЕСІНЕ 700-ДЕН АСТАМ МАМАН ҚАТЫСТЫ

 

Бүгін, 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің қызметкері күні атап өтілуде. Кәсіби мерекеге орай Алматы қаласында алғаш рет Конгресс өтіп, оған еліміздің барлық өңірлерінен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің басшылары мен мамандары, сала ардагерлері, мемлекеттік органдардың, медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық ұйымдар мен шетелдік мемлекеттердің өкілдерінен құралған 700-ден астам делегат қатысты.

Форумның ашылуында ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының айрықша жауапкершілігін атап өтті.

«Бүгін мұнда халық денсаулығын сақтауды жай ғана кәсіп емес, жоғары біліктілікті, принципшілдікті және өз ісіне адалдықты талап ететін күнделікті жауапкершілік деп білетін азаматтар жиналды», – деп атап өтті ол.
Конгреске оның тарихи мәні ерекше маңыз берді. Биыл отандық ғылымның және аса қауіпті инфекцияларға қарсы іс-қимыл жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Масғұт Айқымбаевтың туғанына 110 жыл, сондай-ақ Қазақстандағы санитариялық-бактериологиялық зертханалардың қалыптасқанына 105 жыл толып отыр.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова да алғашқы Конгресс кәсіби тәжірибені біріктіріп, қызметтің қазіргі заманғы міндеттерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
Конгресс жұмысының маңызды бағыты халықаралық ынтымақтастық болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Скендер Сыла мен шетелдік қонақтар санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызын атап өтіп, инфекциялық аурулардың профилактикасы, эпидемиологиялық қадағалау және қазіргі заманғы қатерлерге ден қою мәселелерінде өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың қажеттігін айтты.
Пленарлық отырыс барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына қатысты баяндамалар ұсынылып, сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді және оның дамуына елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды.
Конгресс жұмысы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің қазіргі заманғы сын-қатерлері мен перспективаларына, санитариялық-бактериологиялық зертханалардың қалыптасуының 105 жылдығына және профессор М. Айқымбаевтың ғылыми мұрасына арналған үш тақырыптық секцияда жалғасты.
Қатысушылар зертханалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, эпидемиологиялық мониторингті жетілдіру, ғылыми ынтымақтастық, кадрлық әлеует және биологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің ауруларының профилактикасына экологиялық және климаттық факторларды ескере отырып, кешенді тәсілді көздейтін «Бірыңғай денсаулық» тұжырымдамасына ерекше назар аударылды.
Конгресс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметін одан әрі дамытудың және оның әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттарын айқындайтын Қарар қабылданды.