
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында телемедицина дамып келеді. Бұл ауыл тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ, мамандардан қашықтан консультация алуға мүмкіндік береді. Жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов ауданның медициналық ұйымдарының жұмысымен және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігімен танысты. Вице-министр Үшарал ауылының медициналық пункті мен Ақтоғай аудандық ауруханасына барып, медициналық көмекті ұйымдастыру барысын және аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету жағдайларын бағалады. Жұмыс сапарының негізгі мәселелерінің бірі телемедицинаны дамыту болды. Аудандық ауруханада Манас Рамазановқа телемедициналық консультация өткізу барысы көрсетілді. Мұндай формат аудандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қажет болған жағдайда мамандардан сараптамалық қолдауды қашықтан алуға мүмкіндік береді. Сапар барысында ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына ерекше назар аударылды. «Ауыл тұрғыны үшін қажетті медициналық көмектің тұрғылықты жеріне барынша жақын жерде қолжетімді болуы маңызды. Заманауи технологиялар, оның ішінде телемедицина мамандардың консультациясын пациентке жақындатуға және аудандық медицинаның мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Манас Рамазанов. Жұмыс сапары шеңберінде вице-министр Ақтоғай ауданының тұрғындарымен де кездесті. Кездесуде медициналық қызмет көрсету және аудандық денсаулық сақтауды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды тікелей қойып, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар Манас Рамазанов азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындардың өтініштері бойынша түсініктемелер беріліп, қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер қарауға алынды. Ауылдық медицинаны дамыту, телемедициналық технологияларды енгізу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру Денсаулық сақтау министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.