
Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау жүйесі дәрілік препараттардың бағасы мен қорларын нақты уақыт режимінде бақылауға, сондай-ақ тегін берілетін дәрі-дәрмектердің жеткізушіден пациентке дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттар қалдықтарын өңірлер бөлінісінде цифрлық басқару жүйесі іске қосылды. 2026 жылдың сегіз айында дәрі-дәрмек қорларын басқарудың жаңа тетігі 42 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге және сатып алуды медициналық ұйымдардың нақты қажеттілігіне бағыттауға мүмкіндік берді. Бұл дәрілік препараттардың жылдық қор көлемінің шамамен 14 пайызын құрайды», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Премьер-министрдің қатысуымен өткен цифрландыру жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде.
2024 жылғы шілдеде міндетті таңбалау енгізілгеннен бері жүйе арқылы шамамен 1,1 млрд қаптама дәрілік зат өткізілді. Бүгінде цифрлық қадағалау мемлекетке таңбаланған әрбір қаптаманың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап медициналық ұйымға, дәріханаға және пациентке дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын көруге мүмкіндік береді. Негізгі бағыттардың бірі – дәріханалардағы нақты бағаларды бақылау. Жүйе шамамен 3 мың дәрілік заттың құнын автоматты түрде талдайды. Дәрі-дәрмектің 52 пайызы бойынша бағалар тұрақты деңгейде сақталса, тағы 26 пайызы бойынша бағаның төмендегені тіркелген. Мысалы, жекелеген кезеңдерде 5 746 теңгеге дейін жеткен «Сумамед» препаратының бағасы 2026 жылғы тамызда 3 174 теңгеге дейін төмендеді. Бұл тіркелген ең жоғары бағамен салыстырғанда 44 пайызға аз. Осындай динамика бірқатар басқа дәрілік препараттар бойынша да байқалады. Цифрлық бақылау өңірлер мен медициналық ұйымдардағы дәрі-дәрмектің нақты қорын көруге де мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 14 млн-нан астам қаптама, ал медициналық ұйымдарда 30 млн-нан астам қаптама дәрілік зат бар. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау мүмкіндіктері кеңейтіледі. Цифрлық жүйенің деректері дәрілік препараттардың қозғалысын жедел бақылау құралдарының бірі болады. Таңбалау жүйесі өнімнің жаңа санаттарын да кезең-кезеңімен қамтып келеді. 2026 жылғы қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау басталады, ал 2027 жылдан бастап медициналық мақсаттағы бұйымдарды таңбалау жоспарлануда.