
Қазақстанда вакциналарды сақтау шарттары олар қолданылғанға дейін нақты уақыт режимінде бақыланады. Мұндай тәсіл «суық тізбек» талаптарының сақталуына, вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша кепілдік береді.
«Вакциналардың «суық тізбегінің» сақталуын бақылау және қадағалаудың пилоттық жобасы алғаш рет өткен жылы Қарағанды облысында сынақтан өткізілді. Қазақтелекоммен бірлесіп, аталған жобаны 2026 жылдың соңына дейін барлық өңірде масштабтау жоспарланып отыр. Жыл сайын вакциналардың жалпы көлемінің шамамен 1,5%-ы бүлінуіне және «суық тізбекке» бақылаудың болмауына байланысты есептен шығарылады. Бұл жылына шамамен 400-450 млн теңгені құрайды», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Премьер-министрдің қатысуымен өткен цифрландыру жөніндегі кеңесте.
Жаңа механизм «суық тізбектің» барлық кезеңін: қоймаларды, тасымалдауды және медициналық ұйымдарды қамтиды. Бірыңғай жүйеге еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам нысан мен 21 мыңнан астам температуралық бақылау нүктесін біріктіру жоспарланып отыр.
Вакциналарды тасымалдау кезінде де жеке бақылау жүргізіледі. Температуралық көрсеткіштер жол бойында бақыланып, арнайы көліктің қозғалысы GPS арқылы қадағаланады.
Сонымен қатар медициналық ұйымдардағы тоңазытқыш жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Жаңа жүйе «суық тізбекті» бақылаудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырып, вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын бүкіл ел бойынша қадағалауға мүмкіндік береді.