
Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен кеңес өтіп, онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Денсаулық сақтауға цифрлық шешімдерді енгізу медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін, саланың тиімділігін арттыруға және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кеңесте баяндамалармен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, сондай-ақ озық IT-шешімдерді ұсынған ірі мемлекеттік және жеке технологиялық компаниялардың басшылары сөз сөйледі. Президенттің тапсырмаларына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі 23 жекелеген ақпараттық жүйеден денсаулық сақтаудың бірыңғай e-Densaulyq экожүйесіне көшу бойынша жұмыс жүргізуде. Алғаш рет саланың негізгі процестері бірыңғай цифрлық контурға біріктірілуде. Оған пациенттердің медициналық деректерінен бастап кадрлық және инфрақұрылымдық ресурстарды басқару, фармацевтикалық нарықты реттеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау процестері кіреді. Премьер-Министрге енгізіліп қойған және қазіргі уақытта ауқымын кеңейту кезеңіндегі цифрлық шешімдер таныстырылды. Олардың қатарында ресурстарды басқару жүйесі, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі, Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы, AKYLMED.AI жасанды интеллекті негізіндегі медициналық коммуникациялардың бірыңғай жүйесі, «Суық тізбек» жобасы және санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың цифрлық жүйесі, смарт-бейжетондар, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қабылдау бөлімдеріндегі бейнеаналитика, цифрлық телемедицина және жасанды интеллект қолданылатын орталықтандырылған телерадиология бар. Ресурстарды басқару жүйесі саланың бірыңғай цифрлық көрінісін қалыптастырады. Онда медициналық ұйымдар, медициналық жабдықтар және кадрлық құрам туралы деректер жинақталған. Бүгінде жүйе 21 мыңнан астам медициналық ұйымды, 221 мың медициналық техника бірлігін және 257 мың медицина қызметкерін қамтиды. Бұл өзекті деректердің негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға, саланың ресурстармен қамтамасыз етілу деңгейін бағалауға және халықтың қажеттіліктерін ескере отырып медициналық ұйымдар желісін дамытуға мүмкіндік береді. Цифрлық құралдар профилактикалық бақылау үшін де қолданылады. Атап айтқанда, 38 медициналық ұйымда медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияның жоқтығы анықталды, олардың 27-сінің қызметі уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар 2 188 медицина қызметкері сертификаттарының қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты жұмыстан уақытша шеттетілді. Медициналық деректердің бірыңғай қоймасында 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, тізілімдер мен анықтамалықтардан алынған ақпарат біріктірілген. Мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграция қамтамасыз етілді. 2012 жылдан бері жинақталған деректер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық көмекті төлеу кезінде автоматты форматтық-логикалық бақылау негізінде пайдаланылуда. Бірыңғай қоймаға көшу және цифрлық бақылауды күшейту нақты экономикалық нәтиже беріп отыр. Медициналық жүйеден 1,4 млн рецептпен байланысты 400 мың өзектілігін жоғалтқан пациент картасы алынып тасталды. Бұл негізсіз 31 млрд теңге шығынның алдын алуға мүмкіндік берді. Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға, яғни шамамен 7 млрд теңгеге төмендеді. Бұл ретте қателерді анықтау көрсеткіші 3,5 есеге артты. Жеке бағыттың бірі – дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау. Бұл дәрілік препараттың қозғалысын соңғы тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді. 2024 жылғы шілдеден бастап 1,1 млрд-тан астам дәрілік заттар қаптамасы таңбаланды. Жүйе нарықты өндірушілер, өнім ассортименті мен оның шығу тегі бөлінісінде көруге, сондай-ақ дәріхана желісіндегі дәрілік заттардың нақты бағасын және олардың өзгеру динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Мониторинг 3 мың дәрілік зат атауын қамтиды. 1 595 препарат бойынша (52%) бағалар тұрақты қалса, 800 атау бойынша (26%) бағаның төмендегені тіркелді. Таңбалау жүйесінде қалдықтарды мониторингтеу және қорларды басқару нәтижесінде Бірыңғай дистрибьютор 42,5 млрд теңге үнемдеді. Алынған нәтижені ескере отырып, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап таңбалау жүйесі биологиялық белсенді қоспаларға да енгізілді. «Суық тізбек» жобасы вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын қоймадан медициналық ұйымға дейін автоматты түрде бақылауға арналған. Пилоттық жоба Қарағанды қаласында іске асырылды. Қазір оны ауқымдау жұмыстары жүргізілуде. Температура датчиктері сақтау жағдайларын, ал GPS-мониторинг иммунобиологиялық препараттарды тасымалдау процесін бақылайды. Жүйе еліміздің барлық 20 өңіріндегі 3,5 мыңнан астам нысанды және 800 бірлік арнайы көлікті қамтиды. Алғаш рет санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың барлық контуры цифрландырылды. Цифрлық бақылауда 203 мың нысан бар. 2026 жылдың 8 айында 6 513 бұзушылық автоматты түрде анықталды, ал 758 нысан қауіп деңгейі бойынша тексеру жоспарына енгізілді. Автоматтандыру мамандардың қол еңбегіне түсетін жүктемені 23,8%-ға азайтуға, нысан туралы мәліметтерді жинау уақытын үш күннен бір сағатқа дейін қысқартуға, ал ұсынымдарды дайындау уақытын екі күннен 15 минутқа дейін азайтуға мүмкіндік берді. Бизнес үшін бұл қағазбастылық рәсімдер мен артық тексерулердің қысқаруын, ал мемлекет үшін субъективтілік пен сыбайлас жемқорлық қауіптерінің төмендеуін білдіреді. Цифрлық шешімдер медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін смарт-бейжетондар енгізілуде. Жоба Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында іске қосылды. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріндегі 3 800 жедел медициналық жәрдем бригадасын осындай құрылғылармен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бейжетондар болып жатқан оқиғаларды тіркейді және шабуыл жасалған немесе қауіп төнген жағдайда жедел әрекет ету үшін сигналды автоматты түрде Полиция департаментінің жедел басқару орталығына жібереді. Сонымен қатар стационарлардың қабылдау бөлімдерінде медицина персоналына қатысты агрессивті мінез-құлықты анықтауға арналған бейнеаналитика жүйесі енгізілуде. Ақпарат Полиция департаментіне, медициналық ахуалдық орталыққа және медициналық ұйымның күзет қызметіне жіберіледі. Стационарларда SOS батырмалары да орнатылуда. Олардың көмегімен азаматтар патрульдік полицияны өз бетінше шақыра алады.Цифрлық телемедицина шалғай аудандардың тұрғындарына мамандардың қашықтан консультация алуын қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілді, қашықтан медициналық қызметтерді 2,1 млн-нан астам адам алды. Олардың 39%-ы – ауыл тұрғындары. Жоба 655 фельдшерлік-акушерлік пункт пен ауылдық аурухананы, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесін қамтиды. Қашықтан ЭКГ жасау, жедел талдаулар жүргізу және цифрлық медициналық құрылғылардың көмегімен зерттеулер өткізу мүмкіндігі бар. Зерттеулер тізбесі УДЗ, флюорография, рентгенография және диагностиканың басқа да түрлерімен толықтырылуда. Алдағы уақытта телемедицина технологияларын профилактикалық және медициналық қарап-тексерулер кезінде де пайдалану жоспарлануда. Жасанды интеллект технологияларын қолданатын орталықтандырылған телерадиология еліміздің 400-ден астам медициналық ұйымын біріктіреді. Жасанды интеллект алгоритмдері КТ, МРТ және маммография зерттеулерін талдайды. Бұл диагностика уақытын 4 еседен астам қысқартуға, ал патологияларды ерте кезеңдерде анықтау көрсеткішін 32,2%-ға арттыруға мүмкіндік береді. AKYLMED.AI жасанды интеллекті негізіндегі медициналық коммуникациялардың бірыңғай жүйесі пациенттерді тәулік бойы қабылдауға жазу, скринингтер мен профилактикалық қарап-тексерулерге автоматты түрде шақыру, сондай-ақ қабылдаудан кейін кері байланыс жинау үшін енгізілуде. Жасанды интеллект көмекшілерін пайдалану емханаларға келмей қалу деңгейін үш есеге жуық төмендетіп, тіркеу бөлімдерінің жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша, жасанды интеллект медицина қызметкерін алмастыру үшін емес, күнделікті қайталанатын міндеттердің үлкен көлемін орындау және мамандардың пациенттермен тікелей жұмыс істеуіне уақытын босату үшін қолданылуда. Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық контурын құру стратегиялық маңызға ие екенін және ол медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға тиіс екенін атап өтті.
«Президент бытыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тартып, денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық негізін құру бойынша нақты мақсат қойды. Бұл міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шешімдер мен технологиялардың бар екенін көріп отырмыз. Басталған жұмысты соңына дейін жеткізу маңызды. Барлық жүйелер біріктіріліп, деректер қолжетімді әрі өзекті болуға тиіс. Сондай-ақ тиімді ЖИ-шешімдерді бүкіл сала мен өңірлерге кеңінен таратқан жөн. Біз нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, яғни медициналық қызметтердің сапасын арттырып, шығындарды оңтайландыру және әкімшілік кедергілерді жою қажет. Жаппай цифрландыру жүйені жетілдіруге, сол арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыра түсуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.