ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ САПАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ САПАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жетісу облысына жұмыс сапары шеңберінде Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың төрағалығымен Акушерлік және бала денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Отырыста өңірдің медициналық ұйымдарына жүргізілген мониторингтік сапарлардың қорытындысы шығарылды. Сарапшылар жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру жолдарын талқылап, ана мен нәресте өлімінің алдын алу бойынша ұсынымдар берді. Өңірдегі 19 медициналық ұйымға барған жұмыс тобының құрамында ұлттық ғылыми орталықтардың – Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Universal Medical Center, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарының – Т.Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті (Астана қаласы), С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (Алматы қаласы), Қарағанды медицина университетінің оқытушылары мен мамандары болды. Мамандар медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық, әдістемелік және практикалық көмек көрсетті. Олардың қатысуымен 2 семинар, практикалық мастер-кластар өткізіліп, пациенттерге консультациялар берілді. Сонымен қатар акушерия, педиатрия, реаниматология және эпидемиология бағыттары бойынша медициналық көмек көрсету сапасына бағалау жүргізілді. Босандыру және балалар денсаулығын сақтау ұйымдарындағы инфекциялық бақылауға, жаңа туған нәрестелерге реанимациялық көмек көрсетуге, сондай-ақ балаларды ерте дамыту жобаларын енгізуге ерекше назар аударылды. Отырыстың қорытындысын шығара отырып, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев материалдық-техникалық базаны нығайту, білікті медицина кадрларын тарту, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру бойынша берілген ұсынымдарды орындаудың қажеттігін атап өтті.