АЛМАТЫДА ӨҢІРЛІК ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

АЛМАТЫДА ӨҢІРЛІК ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Академик Н. Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы еліміздегі өңірлік травматология қызметін дамытуға атсалысып келеді. Осы жүйелі жұмыстың кезекті нәтижесі ретінде мегаполистегі жетекші медициналық ұйымдардың бірі — №4 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының базасында Өңірлік травматология және ортопедия орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Жаңадан құрылған орталық ауыр жарақат алған пациенттерге емдеудің барлық кезеңін қамтитын толық циклды, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. Науқастар қабылдау бөліміндегі шұғыл көмектен бастап, күрделі хирургиялық емдеу мен кейінгі оңалту ем-шараларынан өте алады. Орталық Алматы қаласы мен Алматы облысының травматологиялық қызметінің үйлесімді жұмысын күшейтуге үлкен мүмкіндік береді.

«Өңірлік травматологиялық орталықтар Астанада (ҰҒТОО базасында), Қарағандыда (профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы Көпбейінді аурухана базасында) және Балқашта ұйымдастырылып қойған, ал Алматыдағы жаңа орталық бүкіл Оңтүстік өңір үшін негізгі буынға айналады», — деп атап өтті Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО директоры Олжас Бекарисов.