
Жаңа оқу жылына дайындық шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты мектеп білім беру нысандарының 99%-ын мониторингпен қамтыды. Оның ішінде асханалардың 95%-ы және медициналық пункттердің 96%-ы қамтылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мониторингінің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 8,4 мың нұсқама беріліп, жедел ден қоюдың 287 шарасы қабылданды. 13 тамыздағы жағдай бойынша нұсқамалардың 82,8%-ы, яғни 6 961 нысан бойынша талаптар орындалды. Мектептердегі тамақтану мәселесіне ерекше назар аударылды: мониторингпен мектеп асханаларының 95%-ы немесе 6 338 объект қамтылды.
«Жаңа оқу жылы басталғанға дейін анықталған бұзушылықтарды толық жоюды қамтамасыз ету қажет. Мектептердегі тамақтану стандартының талаптары мүлтіксіз орындалуы тиіс», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балаларға арналған нысандар үшін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі қолданылады.