
Онкологиялық ауру ерте кезеңде ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан денсаулық жағдайының нашарлауын күтпей, скринингтен уақытылы өту маңызды. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұндай тексеруден 2,3 млн-нан астам қазақстандық өтті.
Қазақстанда нысаналы топтардың арасында сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалдық обырды ерте анықтауға бағытталған онкологиялық скринингтің үш түрі тегін жүргізіледі.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 362 568 адам тексеруден өтті.
Скрининг нәтижелері бойынша:
* сүт безі обырының 1 238 жағдайы;
* колоректалдық обырдың 372 жағдайы;
* жатыр мойны обырының 227 жағдайы расталды.
Маңызды: егер скрининг барысында адамнан күмәнді өзгерістер анықталса, бұл оның обырға шалдыққанын білдірмейді. Пациент қосымша диагностикалық тексеруге жіберіледі. Тек толық тексеруден кейін ғана дәрігерлер аурудың бар-жоғын растайды немесе жоққа шығарады.
Тұрақты тексерулер қауіпті өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. 2021–2025 жылдары Қазақстанда III–IV сатыда анықталған онкологиялық аурулардың үлесі 34,9%-дан 32%-ға дейін төмендеді.
Соңғы бес жылдың ішінде елімізде 14 млн-нан астам адам онкологиялық скринингтен өтті, ал халықты жыл сайын қамту көрсеткіші 13,5%-ға артты.
Пациент үшін басты қағида қарапайым: профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмай, белгіленген мерзімде скринингтен өту қажет. Адам өзін жақсы сезінгеннің өзінде, ерте диагностика ауруды дер кезінде анықтап, қажетті емді неғұрлым тез бастауға мүмкіндік береді.