«Бірыңғай терезе» жұмыс істеп тұр: Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды цифрлық тіркеу жүйесі алғашқы нәтижелерін көрсетуде

«Бірыңғай терезе» жұмыс істеп тұр: Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды цифрлық тіркеу жүйесі алғашқы нәтижелерін көрсетуде

2025 жылғы қыркүйектен бастап өтініш берушілер өзара байланысты рәсімдерді бірыңғай цифрлық жүйе арқылы жүргізуде. Бүгінде нақты өтінімдер келіп түсіп, сараптама жүргізіліп, жекелеген өтініштер бойынша шешімдер қабылдануда.

Қазақстанда 2025 жылғы қыркүйектен бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша тіркеудің цифрлық тетігі жұмыс істейді. Бүгінде оның жұмысының практикалық нәтижелері туралы айтуға болады: бірыңғай жүйе арқылы өтінімдер қабылданып, құжаттарға сараптама жүргізілуде, ал жекелеген өтініштер бойынша шешімдер қабылданып үлгерді.

Жаңа тәсілдің басты артықшылығы – өтініш берушіге өзара байланысты рәсімдерден өту үшін әртүрлі сервистерге жеке-жеке жүгінудің қажеті жоқ. Бірыңғай цифрлық жүйе өтініш беруден және құжаттарды тексеруден бастап кейінгі сараптамаға дейінгі процестің бірізді бағытын қалыптастырады.

2026 жылғы 4 тамыздағы жағдай бойынша дәрілік заттарға жеделдетілген сараптама жүргізу шеңберінде 63 шарт жасалды, тіркеуге 20 өтінім келіп түсті. Алты өтінім бастапқы сараптамадан өтуде, тағы 14 өтінім қараудың келесі кезеңінде.

Тіркеу рәсімдерінен өтіп жатқан препараттардың қатарында «Мунжаро» (тирзепатид), «Вегови» (семаглутид) және ісікке қарсы «Азацитидин» препараты бар. «Азацитидин» препараты бойынша өтінімге қатысты оны тіркеу рәсімінен әрі қарай өткізуге ұсыну туралы шешім қабылданды.

Бұл ретте цифрлық формат сараптамалық бағалауды алмастырмайды. Әрбір өтінім белгіленген тәртіпке сәйкес қаралады, ал шешім сараптама нәтижелері бойынша қабылданады.

«Бірыңғай терезе» дәрілік заттарды стандартты тіркеу үшін де пайдаланылады. Алғашқы төрт өтінім келіп түсті. Олардың бірі – «Kelun-Kazpharm» ЖШС өндірген отандық «ЛевоКаз» (левофлоксацин) препаратына қатысты өтінім – мамандандырылған сараптамаға жіберуге ұсынылды.

Медициналық бұйымдарды тіркеу процесін цифрландыру да жалғасуда. Сараптамаға алғашқы екі өтінім – Map-iT диагностикалық катетерлері және PAL вибрациялық липосакция жүйесі бойынша келіп түсті.

Жұмыстың жеке бағыты – дәрілік заттарды өндірушілердің бағаларын тіркеу. 2025 жылғы қыркүйектен бастап 2026 жылғы 3 тамызға дейін 570 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 251 өтініш бойынша бағаны тіркеу туралы қорытынды берілді, 305 өтініш бойынша уәжді бас тарту туралы шешім қабылданды, тағы 14 өтініш қаралуда.

«Бірыңғай терезе» Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының «Сараптама» ақпараттық жүйесімен автоматты түрде байланыстырылған. Өтініш берілгеннен кейін пайдаланушы жекелеген сервистерге қайта жүгінбей-ақ рәсімнің қажетті кезеңіне өтеді.

Осылайша, 2025 жылғы қыркүйектен бастап іске қосылған жүйе бүгінде іс жүзінде жұмыс істеп, бірнеше өзара байланысты процесті бір цифрлық маршрутқа біріктіруде.

Өтініш берушілер үшін бұл – жекелеген әрекеттердің азаюын, рәсімдерден өтудің түсінікті тәртібін және мемлекеттік жүйемен өзара іс-қимылдың барынша қолайлы болуын білдіреді. Мемлекет үшін – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу процестерін жүйелі әрі ашық цифрлық ұйымдастыру мүмкіндігін білдіреді.