Денсаулық сақтау министрлігі адам саудасының алдын алу бойынша республикалық ақпараттық науқанды қолдады

Денсаулық сақтау министрлігі адам саудасының алдын алу бойынша республикалық ақпараттық науқанды қолдады

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Адам саудасы - ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқанын қолдады. Науқанның мақсаты - азаматтардың адам саудасының қазіргі заманғы тәсілдері туралы хабардарлығын арттыру, адамдардың қылмыстық желілерге тартылуының алдын алу және қауіп төнген жағдайда қайда жүгіну қажет екені туралы ақпарат беру.

Бүгінде адам саудасы адам құқықтарының аса ауыр бұзылуларының бірі болып қалып отыр. Қылмыскерлер интернетті, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді жиі пайдаланып, жоғары жалақылы жұмыс, оқу немесе басқа да тартымды мүмкіндіктер ұсынады. Алайда мұндай ұсыныстардың артында адамды түрлі пайдалану нысандарына тарту әрекеттері жасырын болуы мүмкін.

Адам саудасының құрбаны жасына, кәсібіне немесе білім деңгейіне қарамастан кез келген адам болуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Сексуалдық қанау мен мәжбүрлі еңбекпен қатар, адамдарды онлайн-алаяқтыққа, киберқылмыстарға, заңсыз көші-қонға, есірткі құралдарының заңсыз айналымына және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге тарту жағдайлары жиілеп келеді.

Бұл мәселе денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызға ие. Пайдалану мен зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар көбіне медициналық көмекпен қатар психологиялық және психоәлеуметтік қолдауды да қажет етеді. Оның салдары дене жарақаттары, созылмалы күйзеліс, үрейлі және депрессиялық жағдайлар, сондай-ақ мамандардың дер кезінде көмегін талап ететін денсаулықтың басқа да бұзылыстары түрінде көрініс беруі мүмкін.

Ақпараттық науқанның негізгі міндеті - азаматтарға қазіргі қауіп-қатерлер туралы түсіндіру, ықтимал қатердің белгілерін тануға үйрету, мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар ету және жеке қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Науқан аясында еліміздің барлық өңірлеріндегі медициналық ұйымдар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары және жастар денсаулық орталықтары халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Психикалық денсаулықты сақтау, медициналық және психологиялық көмекке мұқтаж адамдарды ерте анықтау, сондай-ақ қолжетімді қолдау қызметтері туралы ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Азаматтарға келесі қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады:

* әсіресе шетелде жұмысқа орналасу туралы ұсыныстарды мұқият тексеру;
* жеке куәлік пен басқа да құжаттарды, сондай-ақ жеке деректерді бейтаныс адамдарға бермеу;
* тез табыс табуға уәде беретін күмәнді ұсыныстарға келіспеу;
* күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу құқық қорғау органдарына жүгіну.

Медициналық және психологиялық көмекке уақытылы жүгіну зорлық-зомбылықтың салдарын азайтуға және зардап шеккен адамдардың денсаулығын қалпына келтіруге ықпал етеді.

Жыл сайын 30 шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні атап өтіледі. Биылғы жылдың ұраны - «Алаяқтықтың тұзағында». Бұл ұран адам саудасының жаңа түріне, атап айтқанда құрбандарды қылмыс жасауға, әсіресе онлайн-алаяқтық саласындағы құқыққа қайшы әрекеттерге мәжбүрлеу мәселесіне назар аударуға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды қырағылық танытуға, өз қауіпсіздігіне және жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Адам саудасының алдын алу мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың бірлескен күш-жігері арқылы ғана мүмкін болады.