
Қарағанды облысына жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды медицина университетінің базасында медициналық білім беру саласындағы заңнамалық өзгерістерді іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өткізді.
«Медициналық білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жаңашылдықтар, ең алдымен, болашақ дәрігерлерді практикалық денсаулық сақтау жүйесінің сұраныстарына сай сапалы даярлауға бағытталған. Бұл оқу үдерісін бейіндеуге, үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру жүйесінде мамандар даярлау траекториясын өзгертуге, интернатура мерзімін ұзартуға, дәрігер-интерннің ресми мәртебесін енгізуге және оны практикалық қызметке жіберуге, сондай-ақ резидент-дәрігерлерді даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты», – деді А. Әлназарова.
Министрдің айтуынша, білім беру бағдарламаларының практикалық құрамдас бөлігі едәуір күшейтілді. Болашақ дәрігерлерді даярлау енді тек стационарда жұмыс істеуге ғана емес, сонымен қатар медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде медициналық қызмет көрсетуге де бағытталған. Клиникалық дағдыларды ерте кезеңнен қалыптастыруға, кәсіби құзыреттерді дамытуға және түлектерді медициналық ұйымдардағы нақты еңбек жағдайларына бейімдеуге ерекше назар аударылуда.
Министр Үкімет қолдау көрсеткен Қарағанды қаласында жаңа перинаталдық орталық пен 300 төсекке арналған университеттік клиника салу жобалары болашақ мамандарды даярлаудың маңызды базасына айналатынын атап өтті.
Қарағанды медицина университетінің ректоры Бақыт Көшерова жоғары оқу орнының заңнаманың жаңа талаптарын іске асыруға толық дайын екенін баяндады. Ол түлектердің білімін тәуелсіз бағалау нәтижелерінің жоғары деңгейде екенін және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіштері жоғары екенін айтты.
Сонымен қатар университет білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта симуляциялық орталық дамытылып, зертханалық база жаңартылуда, клиникалық базалар жетілдіріліп, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру және ынталандыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Ректордың айтуынша, университет жаңа білім беру стандарттарын енгізуге және отандық денсаулық сақтау жүйесінің заманауи талаптарына сәйкес медициналық кадрларды даярлауға толық дайын.
Жұмыс сапары шеңберінде министр университеттің коворкинг-орталығында болып, медицина саласындағы жасанды интеллект әзірлемелерімен танысты. Университет өкілдері цифрлық инфрақұрылымға жасанды интеллект агенттерін енгізуге арналған ғылыми жобаларды, сондай-ақ сөйлеуді тану технологияларын пайдалану арқылы медициналық құжаттаманы автоматты түрде жүргізуге арналған AI Med Voice зияткерлік жүйесін таныстырды.
Ақмарал Әлназарова ұсынылған әзірлемелерге оң бағасын беріп, жасанды интеллектіні енгізу отандық денсаулық сақтау мен медициналық білім беруді цифрлық трансформациялаудың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс екенін атап өтті.
Кеңесті қорытындылай келе, министр медициналық білім беру реформасының басты мақсаты – қазіргі заман талаптарына сай тиімді жұмыс істей алатын, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау екенін айтты.