
Белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін 172 маусымдық балаларды сауықтыру орталығы оң санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды.
Маусым басталар алдында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауыз судың сапасын, ас блоктарының, тұрғын үй-жайлардың, аумақтардың, жағажайлар мен бассейндердің жай-күйін тексерді. Санитариялық қорытындысыз лагерьлердің қызметіне жол берілмейді.
Денсаулық сақтау министрлігі балаларды сауықтыру ұйымдарының жұмысын әр ауысым бойы тұрақты бақылауды да ұйымдастырды.
Ата-аналарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында үнемі жаңартылып отыратын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар лагерьлердің тізбесімен алдын ала танысу ұсынылады.
Ведомствода балалардың қауіпсіз әрі салауатты демалысын қамтамасыз ету жазғы сауықтыру науқанының басым бағыттарының бірі болып қала беретіні атап өтілді.