
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кенелердің маусымдық белсенділігі кезеңінде шұғыл профилактика жүргізуге ерекше назар аударады. Бүгінгі таңда 12 мыңға жуық адам кене шаққаннан кейін уақытылы кенеге қарсы иммуноглобулин алды.
Шұғыл профилактика жүргізу туралы шешімді дәрігер кене шаққан аумақты, медициналық көмекке жүгіну мерзімін, вакцинациялау мәртебесін және басқа да медициналық факторларды ескере отырып, әрбір жағдайда жеке қабылдайды.
«Бүгінде кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінген азаматтардың оннан тоғызы уақтылы шұғыл профилактика алады. Бұл – медициналық ұйымдардың дайындығы мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмысының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Сонымен қатар профилактиканың нәтижелілігі адамның кене шаққаннан кейін медициналық көмекке қаншалықты жедел жүгінетініне тікелей байланысты. Сондықтан өзін-өзі емдеумен айналысуға немесе ықтимал қауіп-қатерді өз бетінше бағалауға болмайды», – деп атап өтті Сархат Бейсенова.
Қазіргі уақытта эндемиялық өңірлерде шамамен 16 литр көлемінде иммуноглобулин қоры қалыптастырылған. Маусым аяқталғанға дейін қажетті қорды сақтау мақсатында денсаулық сақтау басқармалары қосымша 31 литрден астам препарат сатып алуға өтінім берді.
Сонымен қатар қызметі инфекцияның табиғи ошақтарында болумен байланысты азаматтарды жоспарлы вакцинациялау жалғасуда. Жыл басынан бері кене энцефалитіне қарсы 9 мыңнан астам адам вакцина алды.
Биыл көктемнің ерте келуі және қолайлы ауа райы жағдайлары кенелердің белсенділігінің ертерек басталуына ықпал етті. Осыған байланысты медициналық ұйымдарға жүгінген азаматтар саны артты.
Эпидемиологиялық қадағалау шеңберінде кене энцефалитіне күдікпен 454 адам тексерілді. Бұдан бөлек, адамдардан алынған 1 200 кене зертханалық зерттеуден өтті. Кене энцефалиті вирусы небәрі 20 үлгіден анықталды, бұл зерттелген кенелердің жалпы санының 1,7%-ын құрайды.
Профилактиканың негізгі бағыттарының бірі – кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу. Өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі еліміздің барлық эндемиялық өңірлерінде аяқталды. Екінші кезең Алматы қаласында, Алматы облысында және Жетісу облысында толық аяқталды. Қалған өңірлерде жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Денсаулық сақтау министрлігі кенелердің белсенділік маусымы әлі де жалғасып жатқанын еске салады. Орманды, саябақтарды және басқа да табиғи аумақтарды аралау кезінде ұзын жеңді, ашық түсті жабық киім кию, репелленттер пайдалану, сондай-ақ киім мен дененің ашық бөліктерін жүйелі түрде қарап отыру ұсынылады.
Теріге қадалған кене анықталған жағдайда оны қауіпсіз алып тастау және шұғыл профилактика жүргізу мәселесін шешу үшін мүмкіндігінше тезірек медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Егер кене шаққаннан кейін дене қызуы көтерілсе, бас ауруы, әлсіздік немесе басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге міндетті түрде кене шаққаны туралы хабарлау қажет.