ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Өскемен қаласында «Салауатты өмірдің бастауы – дені сау ұрпақ» атты республикалық семинар-кеңес өткізді.

Іс-шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, штаттан тыс бас мамандар, медициналық жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысты.

Семинар-кеңесті ашқан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өскелең ұрпақтың денсаулығы елдің демографиялық дамуының, әлеуметтік әл-ауқатының және адами капиталының болашағын айқындайтын басты негіз екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады, жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде ана мен бала денсаулығын сақтаудың заманауи жүйесі қалыптасты, ана мен нәресте өлімі айтарлықтай төмендеді, медициналық көмектің халықаралық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Біздің міндетіміз – әрбір балаға өмірдің салауатты басталуын қамтамасыз етіп, сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділік беру», – деді бірінші вице-министр.

ДДҰ өкілдігі де Қазақстанның балалар денсаулығын сақтау саласындағы елеулі жетістіктерін атап өтті. Ұйымның мәліметінше, елімізде бес жасқа дейінгі балалар өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туған балаға шаққанда 9,83-ке дейін төмендеп, бұл Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналды.

Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелерін, сондай-ақ «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мен ҚР ДСМ-нің «Бастау–2030» жоспары шеңберінде басым міндеттерді таныстырды.

Семинар барысында қатысушылар балалар денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, педиатриялық қызметті жетілдіруді, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуды, аурулардың алдын алуды, даму бұзылыстарын ерте анықтауды, балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуды, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады.

Семинар шеңберінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, ЮНИСЕФ және Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының ерте шақтағы балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру бойынша бірлескен жұмысының нәтижелері ұсынылды.

Негізгі жетістіктердің қатарында әмбебап прогрессивті патронаж моделіне кешенді бағалау жүргізу, Даму және ерте араласу орталықтарына арналған стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеу, балалардың дамуын бағалауға арналған ұлттық скрининг құралын жасау, сондай-ақ балалардың денсаулық жағдайын бақылау мен сүйемелдеуге арналған цифрлық технологияларды енгізу бар.

Аталған бастамаларды іске асыру балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, педиатриялық қызметтің кадрлық және ресурстық әлеуетін нығайтуға, пациенттерді цифрлық сүйемелдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар әріптестікті одан әрі дамытуға және балалардың денсаулығын нығайтуға, ерте араласу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.