Медицина қызметкері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі саланың даму қорытындыларын шығарып, халық денсаулығы көрсеткіштерінің рекордтық деңгейге жеткенін, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының ауқымды түрде күшейтілгенін, инфрақұрылымның жаңғыртылғанын және озық медициналық технологиялардың енгізілгенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты оң серпін көрсетуде. 2025 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады. Ал нәресте өлімі көрсеткіші тірі туған 1000 балаға шаққанда 5,85-ке дейін төмендеп, бұл еліміздің тәуелсіздік тарихындағы ең төменгі деңгей болды. Халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес Қазақстан қоғамдық денсаулық сақтаудың бірқатар маңызды көрсеткіштері бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттердің қатарында. Сонымен қатар, республика инфекциялық емес аурулардан болатын мезгілінен бұрын өлімді 25 пайызға төмендету жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізген өңірдегі алғашқы ел атанды. Медицина қызметкерлерін салтанатты ұлықтау рәсімінде Денсаулық сақтау министрі Акмарал Әлназарова сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың елдің адами капиталын дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Медицина – жоғары кәсібилікті, жауапкершілікті және адамгершілікті талап ететін ерекше миссия. Дәл осы медицина қызметкерлері күн сайын адамдардың денсаулығын сақтауға көмектесіп, үміт сыйлап, өмірлік маңызды шешімдер қабылдайды. Мемлекет әрбір медицина қызметкерінің лайықты еңбек етуіне, кәсіби дамуына және әлеуметтік қорғалуына жағдай жасауды жалғастырады», – деді министр.
Қазіргі уақытта салада 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың қатарында 84 мыңға жуық дәрігер және 196 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері бар. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Елде медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру туралы заң қабылданып, кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру енгізілді, мамандарды құқықтық қорғау тетіктері күшейтілді, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия мен зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілік арттырылды. Әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай кеңейтілді. Егер 2023 жылы қолдаудың әртүрлі түрлерін 263 дәрігер алған болса, 2025 жылы олардың саны 1760 адамға дейін өсті.
Ауылдық жерлерге кадр тартуға ерекше назар аударылуда. Биыл тапшы мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 529 дәрігерге 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем берілді. Кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған кешенді жұмыс өз нәтижесін беруде. 2023 жылмен салыстырғанда еліміздегі дәрігерлер тапшылығы 20 пайызға, ал ауылдық жерлерде шамамен 30 пайызға қысқарды. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңдерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмектің барлық 655 нысанының құрылысы аяқталды.
Соның нәтижесінде бір миллионнан астам ауыл тұрғыны тұрғылықты жерінде медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды. Елімізде Астанадағы Ұлттық онкология орталығының жаңа корпусы мен Алматыдағы Ұлттық инфекциялық аурулар орталығы сияқты заманауи медициналық нысандар пайдалануға берілуде. Сонымен қатар көпбейінді ауруханалар, перинаталдық орталықтар, емханалар мен ауылдық медициналық ұйымдар желісі дамытылуда.
Медициналық ғылым мен инновацияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы қазақстандық ғалымдар аса қауіпті инфекцияларды анықтауға арналған заманауи молекулалық-генетикалық тест-жүйелерді әзірледі. Жаңа буын вакциналарын, медициналық деректерді талдаудың цифрлық платформаларын және жасанды интеллект технологияларын жасау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар медициналық ұйымдар әлемнің үздік практикаларын белсенді түрде енгізуде. Соңғы бір жылдың өзінде Қазақстанда 94 шетелдік медициналық технология бейімделіп, диагностика, емдеу және оңалтудың 103 жаңа әдісі енгізілді.Отандық денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігінің тағы бір дәлелі – медициналық туризмнің қарқынды дамуы.
Қазақстандық клиникаларды Орталық Азия және ТМД елдерінің пациенттері жиі таңдай бастады. Бірқатар медициналық ұйымдардың халықаралық JCI аккредитациясына ие болуы көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін растайды. Денсаулық сақтау министрлігі саланы дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру, медицина қызметкерлерін қолдау және азаматтардың денсаулығы үшін заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырады. Ведомство басшысы жыл сайын 17 аталым бойынша өткізілетін «Өз кәсібінің үздігі» салалық байқауы жеңімпаздарының үлесін ерекше атап өтті.
Байқауға дәрігерлер, мейіргерлер, ғалымдар, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, фельдшерлер, провизорлар және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары қатысады. Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара шеңберінде медициналық ұйымдардың арасында өткізілген республикалық конкурстың жеңімпаздары да жарияланды.
Еліміздің үздік ұйымдары ретінде Алматы қаласының емханасы, көпбейінді жедел медициналық көмек ауруханасы, Абай облысының жастар денсаулық орталығы және Түркістан облысының жедел медициналық жәрдем станциясы танылды. Аталған конкурс жыл сайын медициналық көмектің сапасы, басқару тиімділігі, заманауи технологияларды енгізу және пациенттердің қажеттіліктеріне бағдарлану көрсеткіштері бойынша үздік нәтижелер көрсеткен медициналық ұйымдарды анықтайды.
Медицина қызметкері күні – әрбір дәрігерге, мейіргерге, фельдшерге және саладағы барлық мамандарға кәсіби біліктілігі, өз ісіне адалдығы және ұлт денсаулығын сақтау жолындағы күнделікті еңбегі үшін шынайы алғыс білдіретін ерекше күн.